Алматы облысында карьер кесірінен ондаған отбасы зардап шегіп отыр
Алматы облысында тас-құм шығаратын карьер кесірінен 30-дан аса отбасы зардап шегіп отыр. Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек ауылындағы жұрт қазылған шұңқырларға құлап, жиі мертігеміз дейді. Кейбірінің тереңдігі 100 метр екен. Тұрғындар заңсыз қазылған карьерлардың саны көбейді, ал жергілікті атқамінерлер қол қусырып отыр дейді.
Автор: Әсем Қабылбек
04.02.2019
Бәйтерек ауылының тұрғындары соңғы 10 жылдан бері ауыл маңында карьер қазушылармен күрескен. Алайда бұл іс әзірге нәтиже берер емес. Олай дейтін себебіміз осы уақыт аралығында ауылдың маңында мынандай ондаған шұңқыр пайда болған. Кейбірінің тереңдігі 100 метрден асады. Ал мына Құлжа тас жолына өтетін негізгі жолдың тұсында қазір мердігер компания қазуға кіріскен. Бұл ауыл тұрғындарын қаламен байланыстыратын жалғыз жол.
Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек ауылындағы 30 отбасы қазылған шұңқырлардың зардабын тартқалы қашан. Біріншіден, адам өміріне қауіпті. Екіншіден, мұнда қимыл-қозғалыс шектеулі.
Ермек Құдайбергенов, Бәйтерек ауылының тұрғыны:
- Егер ол жер қазылатын болса бізде автомобиль жүретін жол болмайды. Біз ауылдан да жаңағы республикалық трассаға да шығара алмай қаламыз. Мектеп жақтың барлығын қазды. Оның бәрі ана жерге барып-келу қорқынышты.
Қазылған жерде пайда болған терең көлге оқушы қыз абайсызда құлап, көліктер де батқан. Ауылдағы ағайын өріске малын жібермей, қорада ұстайды. Заңға сәйкес ауладан 100 метр арақашықтықтағы жерді қазуға рұқсат. Алайда, аталған талап орындалмай отыр.
Жұмабек Ақылбеков, Бәйтерек ауылының тұрғыны:
- Құлжаға түсетін жолымыз тұрғын үй массивіне кіреді. Ал мына жағынан 100 метр де шақырым жоқ. Мына жағың карьер, 100 метрден былай қойып қазса, анау карьер, мынау карьер. Біз қай жаққа барамыз?
Әйгерім Тұрсынбекқызы ұстаз. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келген. Терең шұңқырдың қоршауында қалған ауласына түбінде кіре алмаймын ба деп алаңдаулы.
Әйгерім Тұрсынбекқызы, Бәйтерек ауылының тұрғыны:
- Біздің үйімізкепілде тұр. Несиесін төлеп жатырмыз. Бала-шағамыз ешқайда шығып ойнай алмайды.
Көпшілік жанайқайын хатқа жазып, жауапты талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Оған құлақ асқандар некен-саяқ. Экологияға жауапты мамандар айыппыұл салудан аспапты. Жергілікті билік жағдайдан хабардар.Тек, қолымыз қысқа. Құрылыcқа және жол салуға қажетті тас пен құмды заңсыз қазып алушыларды уақытша тоқтаттық дейді.
Айбек Нұрланов, Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылдық округінің әкімі:
- «Аман автоның» келісім шарты жоқ. Ешқандай құжат ұсынған жоқ. Облыс тарапына шығып осы ауылдың ішіндегі жақын маңда тұрған карьерлерге келісім бермеуіңізді сұраймыз деп осындай хат жолдап отырмыз.
Әкімнің айтуынша, жер қойнауын игерушілерге Алматы облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы рұқсат береді. Ауылда қазылған біраз жер банкте кепілдікте тұр. Себебі, тас пен құм қазып алушы кәсіпорындар банкке қарыз екен. Сондықтан карьерлерді көміп, мемлекетке қайтару әзірге мүмкін болмай тұр. Қысы-жазы шу және шаң-тозаңнан мезі болған жұрт үйін сатып, көшуге дайын. Себебі, араша сұрап әр мекеменің табалдырығын тоздырудан шаршаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!