{metadescription}
Ақмола облысында медициналық қалдықты далаға төгіп кеткендер іздестіріліп жатыр
Ақмола облысында медициналық қалдықты далаға төгіп кеткендер іздестіріліп жатыр

Ақмола облысында медициналық қалдықты далаға төгіп кеткендер іздестіріліп жатыр

Ақмола облысында 2 тонна қауіпті медициналық қалдықты далаға төгіп кеткендер іздестіріліп жатыр. Қан-қан инелерден бастап,  науқастардың ауру тарихы жазылған құжаттар Астана іргесіндегі Бозайғыр ауылының маңынан табылды. Тау болып үйілген препараттар негізі жерге көміліп немесе арнайы пеште өртелуі керек болған.  Енді тұрғындар ауру тарай ма деп қауіптеніп отыр.  

Елордадан 30 шақырым жерден табылған медициналық қалдықтардың ішінде бәрі бар. Түрлі сынамалар, қолданылған шприцтер мен денеге дәрі жіберетін аспалы түтіктер қанымен жатыр. Ал, қораптардың сыртында «қауіпті заттар» деп жазылған. Бірақ, 2 тонна препаратты далаға төгіп кеткендер бұған пысқырып та қарамаған.

Елена  Семенова, Бозайғыр ауылының тұрғыны:

Бұл инелерді қандай ауруды емдеуге қолданғанын ойлаудың өзі қорқынышты. Осы жерде қаңғыған иттер де жүреді. Ауылға жақын орналасқан. Сол үшін түрлі инфекциялық аурулар тарауы мүмкін ғой.

Негізі, санитарлық талап бойынша қалдықтар жерге көміліп немесе өртелуі керек. Бірақ, утилизация істейтін арнайы пештер Петропавл мен Степногорск қаласында ғана бар. Сондықтан қоқысты жоюға апара жатқан жүргізуші препараттарды жарты жолда төгіп кеткен болуы мүмкін.

- Оның үстіне,  медициналық қалдықтар шашылған жер егін алқабы екен. Диқандар осы жерде ала жаздай бидай егеді.  Ал,  қауіпті қоқыс кімге тиесілі екенін анықтау қиын емес.  Мына жерден табылған қағаздардың ішінде медициналық ұйымның аты жазылған.

Құжат сыртындағы жазуға қарағанда қалдықтар Ұлттық ғылыми кордиохирургия орталығынан шыққан болуы мүмкін. Қазір мұны арнайы комиссия анықтап жатыр.

Сая Таукеева, Бозайғыр ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Көріп бәрін тіркеді. Керекті анализдерін алып, облысқа жіберген. Қазір сонда тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс те қозғалды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінен бастап, Бас прокуратура мен Бас санитар дәрігер де істі қатаң бақылауға алды. Айта кетерлігі, медициналық қалдықтар кордиохирургия орталығына тиесілі болуы мүмкін дегенмен, қоқысты жинап, оны жоюмен өзге компания айналысады. Сол үшін жауапқа солар тартылуы мүмкін. Кінәлары дәлелденсе, лицензияларынан айырылуы да ғажап емес.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде