{metadescription}
Астанада бес баланың өмірін жалмаған өртке қатысты алғашқы болжамдар айтылды
Астанада бес баланың өмірін жалмаған өртке қатысты алғашқы болжамдар айтылды

Астанада бес баланың өмірін жалмаған өртке қатысты алғашқы болжамдар айтылды

Астанада бір үйдің 5 қызы бірдей өртеніп өлді. Әке-шешесі түнемелік жұмысқа кеткенде аяқасты от тұтанып, шағын сарайды әп-сәтте шарпып кеткен. Өрт құрсауында қалған бес қыздың ең үлкені 12-де, ең кенжесі бірге де толмаған екен. Көршілер құтқарып қалмақ болғанымен, қою түтін арасынан таба алмапты.

Күл-талқаны шығып, жайрап жатқан шап-шағын сарайшық кейпі мынау. Түнде ғана осы жерде өрімдей бес баланың көрер жарығы таусылды. Бес қыздың үлкені Альбина 12-де. Одан кейінгілері Алина, Элина, Сәбина. Ең кенжесі Бақыт 3 айлық екен. Мынау сол бейкүнә балақайлардың жатқан төсектері, кереуеттері сияқты. Қалдықтары ғана қалыпты. Бұлар жалпы, бір аулада тұратын үш үй ағайын екен. Көршілер жүгіріп келгенімен, кішкентайларды құтқару мүмкін болмапты.

Амангелді Күнтуғанов:

- Қатты дауыстан оянды бәрі. Көршілерінің біреуі  ішіне кірген ғой. От болса да. Таба алмаған балаларды. Сөйтіп  демала алмай қайта шыққан. Әйтпесе өзі жанып кететін болған. 

Өйткені, өрт бас көтертпейтіндей қатты болыпты. Сарайдың алдыңғы ағаштан салынған кіреберісінің түгі қалмаған. Ал сарайдың қабырғалары кірпіштен салынғандықтан, құламапты. Бірақ, қабырға түгел пенопласпен қапталған екен. Өрттің тез өршіп кетуіне сол себеп болуы мүмкін.

Көршілердің айтуынша, әкесі түнгі сағат 12-лер шамасында үйге келіп, балалардың амандығын тексеріп кетіпті. Алайда, арада екі сағаттай уақыт өткенде осындай қайғылы жағдайға душар болып отыр. Қызыл жалын айналасы он минуттың шамасында шағын сарайдың күлін көкке ұшырған. Әкесі де, шешесі де қазір туыстарында. Әлі күнге өз өздеріне келе алмапты.

Қызғалдақтарынан айрылған 34 жастағы әке көлік жөндеу орнында істейді. Табысы жетпей, тұрмыс қиындаған соң шешесі де пластикалық зауытқа жақында ғана  жұмысқа шыққан екен. Кеше үшінші рет түнгі кезекке шығыпты.

- Осындай жағдайда отырғасын бәрін істейді. Аллаға сеніп, барады жұмыстарына. Оның үстіне  бес баланың тамағы  бар. Сүті бар. Не істейді енді? Күйеуі  ақша әкелмесе.

Төтенше жағдайдың алдын ала себебі де айтылды. Өрт мұржаның түбінен басталуы мүмкін. Өйткені, сырты дұрыс қапталмай, әуелі шатыры тұтанған болса керек.

Юрий Ильин, ҚР ІІМ орынбасары:

- Алдын ала болжам бойынша, өрт қауіпсіздігін сақтамай, қатты отын жағатын пешті пайдалану салдарынан болған. Балалар түтіннен уланып қалған. Өйткені, шатыры құлаған кезде олардан ешқандай тіршілік белгісі табылмады.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті болса, осы үйдегілердің өрт қауіпсіздігін дұрыс сақтамайтынын жақсы білген. Бірақ, ескерту қағазын бергеннен басқа ештеңе бітірмепті. Ал қала билігі Сарыарқа ауданында бұндай отбасы барынан тіпті хабарсыз болып шықты. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тізімінде де жоқ екен. Қайғылы отбасына енді көмек беріп жатыр. 

Эльвира Жүргенбаева, Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Бақыт Сұлтанов осы қайғылы оқиға орын алған отбасына барып, көңіл айтып шықты. Нәтижесінде сол жерде аудан басшысы Арман Тұрлыбекке барлық отбасына қажетті көмекті ұйымдастыру қажеттігін, материалдық, қаржылық, медициналық және басқа да қажетті көмектерді беру туралы өз тапсырмасын берді.

Осы оқиғаға қатысты қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалған. Балаларды қараусыз қалдырғаны үшін ата-анасына заң бойынша шара қолданылуы да мүмкін. Бірақ бұны сот шешеді. Сонымен қатар тергеу кезінде әкесінің қаншалықты жұмысқа шұғыл шақырылғаны да анықталмақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.