Елімізде ақтүтек боран жол қозғалысын қиындатып жіберді
Солтүстікке ақпан ақырып жетті! Көкшетауда қалың жауған қар соңы боранға ұласып еді, енді күн күрт суытты.Түнде өңірде сарышұнақ аяз көтеріліп,ауаның температурасы -32-35 градусқа дейін жетті.Бұл жағдай Павлодар, Семей, Петропавл жұртын да тығырыққа тіреуде. Мектептерде сабақ процесі уақытша тоқтатылды. Жолдар жабылып, көлік қатынасы шектелді. Мамандар қытымыр аяз әлі екі күн сақталады деп отыр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
05.02.2019
Діттеген жеріне жетуге асыққан жұрт тіпті ашуға бой алдырған. Ауа райының қытымыр мінезі үшін полицейлерге дүрсе қоя беруде. Қазір Көкшетаудан шығар жолдардың бәрі жабық. Кешеден бері боран да ұйтқып соғып тұр. Аяз да қысып барады. Құтқарушылардың сансыз ескерту хабарламаларына қарамастан жолға шыққандар да көп. Қатар-қатар тізілген түрлі көліктерді жол полициясы кейін қайтарып әлек. Жолаушылар болса, өз себептерін айтуда.
Сымбат Қайбарұлы, Ақадыр ауылының тұрғыны:
- Мен күзетші боп істеймін ғой. Жұмыстан шықтым таңертең. Баратын жерім жоқ. Ауыл міне, мына жерде Ақадыр деген. Көп болса 5 шақырым солға кетеміз. Жол ашық дейді, жігіттер жібермей тұр.
Светлана Асапова,Зеренді ауылының тұрғыны:
- 40 шақырым ғана Зеренді. Ол жақтан көліктер келіп жатыр ғой. Неге бізді жібермейді? Асығып тұрмыз. Көкшетау-Атбасар жолы жабық болады деген хабарлама болған жоқ. 2 сағат бұрын ғана өттік осы жолдан.
Көкшетаудың сапаржайы да қаңырап тұр. Көлік қозғалысы шектелгендіктен, жолаушылар да, автобус та жоқ. Мектептерде де оқу процесі мүлдем тоқтатылды. 1-11 сыныпта оқитын ақмолалық 75 мың оқушы қазір үйлерінде отыр. Колледждердің 1-2 курс оқушыларына да сабақ болған жоқ. Павлодар мен Петропавлда да дәл осындай жағдай.
Синоптиктердың болжамы да көңіл көншітпейді. Алдағы екі күн бойы үсті үстіне қар жауып, ұйтқыған желден алай дүлей бұрқасын тұрады. Аяз күшейеді деп отыр. Ауаның температурасы 37-42 тіпті кей жерлерде 45 градусқа дейін төмендемек. Сондай-ақ, оңтүстік өңір тұрғындарына да арқаны кеңге салуға ерте сияқты. Апта соңында аяз сол жаққа аумақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!