Астанада төтенше жағдай қызметкерлері жер үйлерді шұғыл тексеруге кірісті
Дыбыс күшейткішпен хабарлама жариялап, әр үйге ескертпе қағаз таратып, өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау керектігін тәптіштеп түсіндіруге кіріскен. Негізі, бұндай шара апта сайын жүріп тұруы керек екен. Алайда тұрғындар оларды айлап көрмейтінін айтып қалды.
Автор: Ербол Тұрымбет
05.02.2019
- Кеше ғана болған ауыр қазадан кейін Астананың жеке тұрғын үй аумақтарында қайтадан шұғыл түрде өрт қауіпсіздігін тексеру шаралары басталды. Мұржаны уақытылы тазалау, сыртын отқа төзімді материалдармен қаптау керектігін ескертіп, керек десеңіз, үйіне дейін кіріп, пештің еш жерінен түтін шықпай тұрғанына дейін көз жеткізіп жүр. Бірақ, барлық үйде бірдей емес. Өйткені, екінің бірі үйіне кіргізе бермейді.
Төтенше жағдай қызметкерлері елді аралау кезінде егде жастағы кісілерге қатты көңіл бөледі. Жер үйде тұратын қарттар да оларды әбден танып алған. От пен ошаққа абай екендерін елпектеп айтып жатыр. Күн суық. Кіреберісті ағаш пен көмірге толтырып қойған. Жұрттың бәрі осы кісілердей-ақ болса ғой. Есік алдында шұнақ иттер шәңкілдесе, арландары аулаға аттап бастырмайды. Кейбіреулері тіпті келген адамды сырттан қайтарады.
- Үй иесі жоқ.
- Бұл үйде тұрмаймын.
Мәселенің екінші қыры да бар. Төтенше жағдай қызметкерлері тілшілермен бірге қала аумағына кіретін «Көктал» ауылында рейд ұйымдастырған еді. 5 баланың өмірін жалмаған өрт осы жерде болған. Жер үйлерді апта сайын тексеріп тұрамыз деп тексерушілер ағынан жарылды.
- Төтенше жағдай мамандарын соңғы рет қашан көрдіңіз?
- Жоқ, оларды көрген жоқпын. Екі-үш ай алдын келген шығар, бірақ көрген жоқпын.
- Соңғы рет қашан келді?
- 2 ай бұрын келді.
- Апта сайын келмей ме? Ондай деген өмірі болмаған жағдай.
Үй-жайын өз бетінше салатындардың қауіпсіздік ережелерін қаншалықты сақтап жатқаны да үлкен сұрақ. Бірақ арты қайғыға әкелгенде, тұрғындардың өздері кінәлі боп шығады.
Еркін Отарғалымұлы, Байқоңыр ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:
- «Времянка» дейміз, уақытша жайларда тұрады. Шын мәнісінде осы уақытша аталған тұрғын үй, мекендер қыс уақытында тұруға бейімделмеген. Себебі олардың электр жүйесі көптеген ақаулармен пайдаланылады. Сонымен қатар, жылыту жүйелерін, пештерді салған кезде қауіпсіздік ережелеріне мән бермей, пайдаланады.
Статистика бойынша, осы жылыту маусымының өзінде бір Астанада 285 өрт оқиғасы тіркеліпті. Соның 68-і жеке тұрғын үй секторында, 52-сі көпқабатты үйлерден шыққан. Салдарынан 7 адам қаза тапқан. Оның бесеуі кеше түнде ғана жарық дүниемен қош айтысты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!