Астана жұрты өртеніп өлген бес баланы ақтық сапарға шығарып салды
Түн ортасында тұтанған оттан жанып кеткен кішкентай қыздардың жаназасына жүздеген адам жиналған. Жүрек шымырлатар көріністі көргенде көзіне жас алмаған жан болмады. Ал ата-анасының кішкентайлармен қоштасуға да шамасы жетпеді. Қайта-қайта жүрегі қысылған ананы жаназа соңына дейін дәрігерлер күзетіп тұрды.
Автор: Жәудір Оразхан
05.02.2019
Астанадағы «Көкталдың» бұл көшесін бұрын-соңды мұнша адам баспаған болар. Ал бүгін мұндағы қаралы үйге қарай ағылған жұрттың қатары көп. Көңіл айтып келгендер тар сарай түгілі, кең көшеге сыймай жатты. Жүздеген адам жиналғандықтан, айналаны күзеткен сақшы да көп. Жедел медициналық жәрдем бір сәтке де дамыл таппады. Қасіреттен жүрегі қансыраған ананың бес қызғалтағын жоқтауға да шамасы келмей, үй ішінде қайта-қайта есінен танып жатқан еді.
Келгендер көңіл айтуға кіре алмай тұрған мына сарай - Ситер отбасына көрші екен. Ал бес бала жанып кеткен лашық осы үйдің ауласында орналасқан. Жиналған жұрт бейкүнә қыздар жан тапсырған сол жерді де айналшықтап шыға алмай жүр. Сарайдың терезесі балақайларға тірісінде бұйырмаған ойыншықтар мен гүлге толды. Дәрігерлер дәрінің күшімен Жанымгүлді жетелеп, жаназа намазына сыртқа шығарған. Жас ана балапандарына соңғы рет бір қарап, қоштаса да алмады.
- Сәбилерді Алла Тағала өздерінің ата-аналарына шапағатшы болуын нәсіп етсін. Қазақ халқы «пешенесіне жазғанын көріпті» дейді. Пешенеге жазу деген сөз ананың құрсағына ілінген кезде баланың тағдырына жазылады. Сол жазылған тағдырды адам баласы осы өмірде көріп, Алланың құзырына оралады.
Боранға қарамастан жұрт тез тарай қоймады. Қайғыға ортақ екенін білдіруде.
- Шын айтқанда бүгін ұйықтай алмадық, қиналдық. Біз де анамыз. Жанардың балаларын, кішкентай балаларын өзім көзіммен көрдім. Менің бала-шағаммен ойнаған.
- Мына үйде адам қалай тұрады? Масқара ғой мынау деген. Мен түсіне алмаймын. Алатынымыз бес балаға 10 мың теңге. Ол қай жерімізге жетеді? Жетіп тұрса, шешесі барып жұмыс істейтін бе еді емшектегі баласын тастап?
Расында да Альбина, Алина, Элина, Сәбина мен Бақыттың әке-шешесі сол түні той тойлап емес, балаларына тамақ іздеп кеткен еді. Есікті құлыптап, екеуі де түнгі кезекке түскен екен. 34 жастағы әке көлік жөндеу орталығында істейді. Бірақ бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай, тұрмысы қиындаған соң, келіншегі де пластикалық зауытқа жұмысқа шыққан. Ата-ананың бар мақсаты – кішкентайларын тойдыра тамақтандырып, жайлы орынға жайғастыру болған. Енді екеуінің бұл арманын ел орындамақ. Жұрт қайғы жұтқан жанұяның баспанасына деп қаржы жинап қойыпты. Банктердің бірі отбасының алған несиесін де кешірген. Бірақ ес білгендерімен қоса емізулі баласын жер-бесікке бөлеп, омыруының сүті суалған ана мен бір күнде бес перзентінен айырылып, аңырап қалған әкеге бұл жұбаныш бола ала ма?..
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!