Жапон елшісі Ақордаға кимоно киіп келді
Елбасымен кездескен Жапонияның Қазақстандағы елшісі көп дипломаттың арасынан үстіндегі ұлттық киімімен ерекшеленді. Тіпті аз уақыттың ішінде Тацухико Касаи қазақ тілін үйреніп алған.
Автор: Жәудір Оразхан
06.02.2019
-Жоғары мәртебелі, бүгін Сізге сенім грамотасын тапсыру үлкен мәртебе.
Бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жапония, Тәжікстан, Хорватия, Вьетнам мен Чехия елшілерінен сенім грамотасын қабылдады. Осы сәттен бастап шетелдік дипломаттардың Қазақстандағы қызметі ресми басталды деуге болады. Елбасымен кездесуге Жапония елшісі ерекше дайындалыпты. Тацухико Касаи жапон халқы өте маңызды шараларға ғана киетін кең шалбар, аяғына ақ шұлық мен «гэта» деп аталатын ашық жеңіл аяқ киім киген. Қалған елшілер ресми стильді ұстанған. Енді елшілер Қазақстанмен арадағы экономикалық, саяси және мәдени байланысты дамыту жолында жұмыс істеуі тиіс. Осы жерде Назарбаев ядролық державалар арасындағы шиеленіске қатысты да мәлімдеме жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Жетекші ядролық державалар арасындағы текетірес әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Осы орайда, Орта және кіші қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың бұзылу қаупін ерекше атап өткім келеді. Бейбітшілікті қалайтын елдер жаһандық жаңа апаттың болуына жол бермей, оның алдын алуы қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!