Боранда бұзылып қалған пойыз жолаушылары билет таппай қиналды
Аяздың салдарынан жолда бұзылып қалған «Астана – Қызылорда» пойызының 300-ге жуық жолаушысы Қарағанды вокзалынан сапарын жалғастырды. Шет ауданынан сүйреп әкелінген пойыз жолаушылары басқа пойызға тіркелген вагондарға билет алу үшін әбден әбігерге түсті.
Автор: Саят Сабдалы
06.02.2019
Нұргүл Болатбекова жолаушы:
-Астанадан Шымкентке баруым керек. Біздің пойыз түнде тоқтап тұрды. 3 ақ касса. Бір кассада 40 минут тұрып әрең билет алдым. Менің қасымдағы әйелдің баласы ауырып келе жатыр.
Айдалада 6 сағаттан аса тұралап, діттеген жерлеріне жете алмаған 271 жолаушы Қарағандының қуықтай вокзалында иін тіресті. Қаладан шығатын жолаушылардың өзін ұзын сонар кезекте сарғайтуға еті үйренген кассалар әбден сасқан. Бір мезетте сау ете қалған 300-ге жуық адамға қызмет көрсете алмай жұрттың наразылығын туғызды. Вокзалдағылар әупірімдеп жүріп жолдан қалған елдің билеттерінің құнын қайтарды. Сол жерде-ақ оларға «Астана – Сарыағаш» пойызына тіркелеген 6 вагонға билеттер сатылды.
Бақыт Арнабол «Жолаушылар тасымалы» АҚ Қарағанды учаскесінің бастығы:
-Аяз бен үскірік желдің салдарынан «Тальго» пойызы бұзылды. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы құрамды Қарағандыға қайтаруды жөн санадық. Жолаушылардың билет ақысын 100 пайыз қайтардық. Сондықтан жолаушылар біз тіркеген вагондарға сатып алған билет құны екі есе арзан болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!