Алматыда жауған қалың қар тұрғындарды әбден титықтатты
Алматыда бір түнде жауған қардың қалыңдығы 20-см-ден асып, тұрғындарды әбден титықтатты. Қалада көліктер тұралап, кептеліс 8 балға дейін жетті. Көлік апаты да жиіліеді. Толассыз жауған ақ ұлпаның кесірінен әуежайда ұшақтар уақытылы көкке көтеріле алмай, жалпы саны 12 рейс кейінге шегерілді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
06.02.2019
Таңдағы тіршілік алматылықтар үшін осылай басталды. Түні бойы жапалақтаған қардың қалыңдығы 23 см-ге жетіп, көлік қозғалысы қиындай түсті. Көшелерде темір тұлпарлар тұралап, кептеліс 8 баллға дейін жетті.Көлік апаты да жиіледі. Жүйкесі жұқарған жүргізушілер қар тазалайтын техниканың күші орталық көшелерге жұмылдырылғанына наразы.
Дидар Қиясов, жүргізуші:
-15 шақырымды 1 жарым сағаттай жүрдік. Үлкен көшелерге көңіл бөліп жатыр. Кішкентай көшелер қар, ерігені ортасы ғана. Жүру қиын.
Жанат Мамыров, жүргізуші:
-Тазалап жатты, үстіне жауып жатты. Үлгере алмай жатыр. Оның үстіне жолдың шетінде көліктер тұрады. Біраз қиналдық.
Толассыз жауған қар әуежайдағы жолаушыларды да әбігерге салды. Таңнан бері 12 ұшақ көкке көтеріле алмаған. Мәселен, Алматыдан Дели, Франкфурт, Мәскеу, Астана, Шымкент, Атырау мен Оралға ұшатын әуе кемелері белгіленген уақыттан бірнеше сағатқа кешікті. Сондай-ақ, Дубайға таңалакеуімде бағыт алуы тиіс 100 жолаушы жолынан қалды.
Наталья Соколова, Алматы халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы:
-Біздің тарап әуе компанияларына барлық жағдай жасап отыр. Кез-келген ауа-райында ұшып-қонуға болады. Айта кетейік, кешіктірілген рейстердің 11-і «Эйр Астана» компаниясына тиесілі. Қону жағынан ешқандай қиындық болған жоқ. Ал Дубайға ұша алмаған жолаушылардың барлығы қонақ үйге орналасты.
Түске жақын күн көзі көрініп, ақ қар қара балшыққа айналды. Қолдарына күрек ұстаған үш мыңға жуық жұмысшыға тыным жоқ. Қар тазалайтындар әсіресе, әкімшілік пен әлеуметтік маңызы бар нысандардың маңында толып жүр. Коммуналдық қызмет өкілдері 718 техника түннен бері дамыл таппады деп отыр. Көктайғақтың алдын алу үшін құм төсеуді де қолға алыпты.
Александр Сергеев, Жасыл экономика басқармасының бас маманы:
-Магистральді көшелер ертең толығымен қардан тазалап шығу жоспарда бар. Осы уақытқа дейін 15 мың куб метр қар полигонға төгілді. Қыс мезгіліндегі ең қалың қар бүгін түсті деп айта аламын. Қала тұрғындарын көше бойына көліктерін қоймауын сұраймын. Биыл қар тазалау жұмысын жақсы атқардық деп ойлаймын.
Бетон жолдарда қаңтарылып, көліктері соғылысқандар да жетерлік. Әсіресе, ақылы Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас тас жолдарына жауған қар қараусыз қалғандай. Ақ ұлпаны аршуға жауаптылар асығар емес.
Жолдың тазалығына жауаптылар қаланың шеткі көшелеріндегі қалың қар қашан күрелетінін нақты айта алмады. Олардың мақсаты басты көшелерді тап-тұйнақтай тазарту екен. Сондықтан қаланың төменгі бөлігінде тұратын жұртқа қардың еріп кетуін күтуден басқа амал жоқ. Алдағы күндері аяз күшейеді деген синоптиктердің болжамына сүйенсек, жапалақтап жауған қалың қардың жақын уақытта еруі нейғайбыл.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары