Астанада көпбалалы аналар билікке талап қойды
Бүгін Астанада көпбалалы аналар жанайқайын жеткізді. Олар ең алдымен баспана беруді сұрады. Әкімдіктегілер тұрмыс тауқіметін тартқандардың арызын жеке-жеке қараймыз деп уәде етті.
Автор: Досжан Маратұлы
06.02.2019
100-ге жуық көп балалы ана алдымен әкімдік алдына жиналған еді. Бірақ, далада минус 35 градус аяз болған соң, Конгресс Хол концерт залына жайғастырылды. Ал, ашынған әйелдердің арыз-шағымын тыңдау үшін Астана әкім Бақыт Сұлтанов әлеуметтік салаға жауапты орынбасарын жіберген.
-Қарындастар, әпкелер, тынышталыңыздар. Қазір ешкім-ешкімді естіп жатқан жоқ.
Әкім орынбасары Ермек Аманшаевты батыр аналар сұрақтың астына алды. Тұрмыс тауқыметін тартқан келіншектер Үкіметке бірнеше талап қойып отыр. Оның негізгісі – күміс, алтын алқа иегерлерін баспанамен қамту.
Шолпан Қырғызбаева, көп алалы ана:
-Мына жерде тұрған ата-аналардың біреуінің басында баспана жоқ. Бәрі жаман времянкада тұрады.
Ләззат Қарағойшина, көп балалы ана:
-Бізге тек үй берсе, болды. Бізді жеке кезекке қойсын. «Көп балалы ана», «Жалғыз басты ана» деп.
Босанған аналарға берілетін бір реттік көмектің де көлемін өсіру керек дейді әйелдер. Қазір ол 95 мың теңгені құрайды. Ал, төрт және одан да көп көп балалы отбасында туған сәбилерге 160 мың теңге беріледі. Мұны тым аз деген алтын құрсақты әйелдер бір реттік көмекті екі жарым миллион теңгеге дейін өсіруді сұрайды.
Нұргүл Әбенова, көп баланы ана:
-Жәрдемақыны да неге өсірмейді? Алатын 16 мың теңгеміз қайда жетеді? Әрі ұл-қыздарымыз қоғамдық көлікте тегін жүріп, медициналық қызметті де тегін алуы тиіс.
Осылайша, үш сағатқа жуық мұңын шаққан әйелдер өздеріне көрсетілер көмектің артуы үшін бірнеше талап қойып отыр. Мұны қағазына түртіп, жазып алған әкім орынбасары, жауапты қысқа қайырды.
Ермек Аманшаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
-Мына жерде барлық талап белгілі. Біз оған заң жүзінде қарап, өздеріңізге айтамыз. Мына жерде нөмірлеріңіз бар хабарласамыз қажет болса. Қандай шешім болады айтамыз жақсы ма? Ал, енді тағы талап қосамын деушілер болса, бізге қалдырыңыздар да тарайық айналайындар.
Осылайша наразы топ талаптарын қағазға тізіп жазып, әкім орынбасарына ұстатты. Ол көпбалалы аналардың шағымы жіті қаралатынына сендірді.Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің атқамінерлері көмекке мұқтаж шаңырақтардың тұрмысын жақсарту үшін тиісті заңға өзгерістердің әзірленіп жатқанын айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!