Астана іргесіндегі ауыл жұрты пәтерлерінде тоңып отыр
Астана іргесіндегі Қосшы ауылында жүзден астам отбасы әлі бүрсеңдеп отыр. 5 қабатты екі бірдей тұрғын үйде бірнеше күн бұрын жылу тарататын насос істен шыққан еді. Бірақ, оны ауыстырғанымен, пәтер ішіндегі температура көтерілер емес. Қақаған аязда әбден тоңып қалған тұрғындар электр пешімен әрең жан бағып отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
08.02.2019
Тұрғындарды -35 градус сарышұнақ аязда құтқарып тұрған осы электр пеші. Өйткені, батареялар жылу емес, суық таратып тұрғандай. Ұстасаң қолың тоңады. Сол үшін бүрсеңдеген жұрт есік терезені көрпешелермен қымтап, өздері де қабат-қабат киім киіп алған.
Күмісай Бердіқожаева, Қосшы ауылының тұрғыны:
- Әне баланы да орап тастадық. Үй деген тастай. Міне 5-ші күн бүгін. Ауырдым да. Жасым болса, 80-ге келіп қалды.
Қосшы ауылындағы «Орион» тұрғын үй кешенінде осылай 100-ден астам отбасының жылусыз отырғанына бірнеше күн болды. Негізі бұл жылда қайталанатын мәселе. Сол үшін қай пәтерге бас сұқсаң да, барлығы тоқ пешпен жан бағып отыр. Ал, жарық үшін төленетін ақы 20 мыңнан асып кеткен.
Қырмызы Қожабекова, Қосшы ауылының тұрғыны:
-Зейнеткермін, 54 мың аламын. Қызым 3-топтың мүгедегі. Енді не істейміз? Жылуға төлейміз. Соның бәрін төлеймін бе енді? Тамақ ішейін бе? Жарыққа төлеймін бе? Шаршатты.
Подьезд іші де тастай суық. Тіпті, қатты аязға шыдас бермей мұндағы жылу батареялары шетінен жарылып жатыр. Мына жердегінің де суы қатып, жарылған соң, тұрғындар оны алып тастаған.
Тұрғындар үйді неліктен қара суық басқанын түсінбей отыр. Өйткені, қазандықтан 90 градус жылу келіп тұр, бірақ ол пәтерлерге жайылмайды. Сол үшін ыстық суды батареяларға айдау үшін су жаңа мынадай насос та қойылған. Бірақ, одан нәтиже шықпады.Сөйтсе, бәленің бәрі пәтер иелері кооперативінде екен.
Ержан Жолымбетов, Қосшы ауылының әкімі:
-КСК дайындалмаған қысқа. Үйді жазда, күзде дайындау керек еді. Батареялардың бәрін тазалап. Мына подьездерін қара ашық тұр. Терезелері сынып тұр шынылары.
Оның үстіне жұртты қақаған қыста жылусыз қалдырған кооператив төрағасы мәселені шешудің орнына өз еркімен жұмысынан кетіп жатыр. Әкімдік оны ешқандай жауапкершілікке тартпаймыз дейді. Ал, тұрғындарға оның орынына жаңа адамды сайлап, үйді өз еркімен жылытудан басқа амал жоқ сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!