{metadescription}
0:000:00
Үйдің шатыры ұйықтап жатқан тұрғындардың үстіне құлап түсті

Үйдің шатыры ұйықтап жатқан тұрғындардың үстіне құлап түсті

Оралда бірнеше пәтерлі үйдің шатыры ұйықтап жатқан тұрғындардың үстіне құлап түсті. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Іле-шала оқиға орнына жеткен құтқарушылар ғимараттың ішінде қалу қауіпті екенін айтып, көпшілікті далаға шығарды. Енді, қалалық әкімшілік қақаған қыста далада қалғандарды қайда орналастырарын білмей бас қатырып отыр.

Оқыс оқиға таңға жуық болған. 1978 жылы тергеу абақтысының қызметкерлеріне арналып салынған, 13 отбасыға арналған жатақханадағы екі пәтердің төбесі ортасына түсті. Құлаған шатыр тұрғындар мен тиісті орын қызметкерлерін аяқ астынан әбігерге түсірді.

Жастілек Кеңесов, Орал қаласының тұрғыны:

- Таңғы бесте болған. Көршілердің кейбірі ояу болған. Сол кезде құлады. Шошып кеттік.

Құтқарушылардың айтуынша, енді бұл жер тұрғындар үшін өте қауіпті. Өйткені, қабырғалары қақырап, әрең тұрған баспана кез-келген уақытта қирауы мүмкін көрінеді. Сондықтан, олар пәтер иелеріне құжаттары мен алғашқы кезде керек болады-ау деген заттарды тезірек алып шығуға рұқсат берген. Ал, әкімдік, уақытша тұратын пәтер дайындап үлгеріпті.

Марат Мұқаев, Орал қаласының әкімі:

- Ешқандай төтенше жағдай болған жоқ. Барлығы аман-сау. Бұл кісілерді қазір пәтерлерге орналастырып жатырмыз. Барлық тұрғындар орналасатын болады. Коммуналдық қызмет таңнан бері жұмыстануда.

Бірақ, әкімдік ұсынған уақытша қонысты түске дейін көріп келген көпшіліктің оған көңілі толмады. Сондықтан олар түстен кейін ескі жатақтарына қайтып келуге мәжбүр болыпты.

Әсем Бедеева, Орал қаласының тұрғыны:

- Берген үйлері бізге ұнамады. Осы үйден де шамалы екен. Кішкентай, Жазира жақта да шамалы болды. Енді бас тартып жатырмыз.

Бірақ, әкімдік берілген баспанадан бас тартқандарды қуантатындай ештеңе айтпады. Тіпті олардың енді қайда түнейтіндіктері де белгісіз. Тек бір анығы – қауіпті жатақтың орнына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде көпқабатты үй салынған соң бұл тұрғындар сонда көшірілетін көрінеді. Бірақ, оны салатын инвесторларды тауып,  құрылыс жұмыстары түгелдей аяқталғанша кем дегенде бірнеше жыл уақыт керек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде