{metadescription}
Алматыда қояншық ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары дәрі таппай сабылып жүр
Алматыда қояншық ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары дәрі таппай сабылып жүр

Алматыда қояншық ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары дәрі таппай сабылып жүр

Бұл ауруға қарсы қымбат препараттар дәріханаларда мүлдем сатылмайды екен. Сондықтан қайта-қайта есінен танатын ұл-қыздарына алаңдаған ата-аналар шетелден қажетті препараттарды өздері сатып алуға мәжбүр. Эпилепсияға қарсы қоғамдық қор құзырлы министрліктен мемлекет тарапынан берілетін тегін препараттардың санын көбейтуді сұрап отыр.

2 жасар Іңкәрда эпилепцияның белгілері қырқынан шықпай жатып байқала бастапты. Сол уақыттан бері қыздың өсіп жетілуі тежелген. Тіпті, аптасына он рет талмасы ұстап жаны қиналады екен. Баласының денсаулығына алаңдаған Марал Тілеуова қояншықпен ауыратындарға қажетті препарат табу қиямет қайым деп налиды.

Марал Тілеуова, Алматы қаласының тұрғыны:

-Дәрілерді тапсырыспен аламыз. Басқа ата-аналардан сұраймыз. Іздеп, ғаламтордан тапсырып беріп әрең тауып аламыз. Үкіметтен бізге тапомакс деген препарат беру керек. Оның өзін, айғай-шумен аламыз.

Шетелден қыруар қаражатқа дәрі алдыртып жүргендердің бірі  Гүлжанат Едигина. Дерті дендеген 3 жасар Якубты қаратпаған дәрігері жоқ. Жалғызбасты ана талмасы ұстайды дегенді еститін ақ халаттылар емдеудің орнына қарадай қашады дейді.

Гүлжанат Едигина, Алматы қаласының тұрғыны:

-Жедел-жәрдем шақырсаң, өзіңе ұрсады. Неге қайта-қайта шақыртасың деп. Дәрілерді де бермейді. Барлығы үстіртін қарайды. Сондай-ақ, эпилепсия дәрігерлері де жоқтың қасы. 

Ал қояншық ауруына қарсы қоғамдық қор өкілдері құзырлы минстрлік эпилепсиямен күресуде дәрменсіздік танытқанына наразы. Олар ерекше бақылауды қажет ететін науқастарға мемлекет тарапынан берілетін тегін препараттардың санын шұғыл түрде көбейту керек деп үкіметке де талай мәрте хат жолдапты. Бірақ нәтиже шамалы болып тұр.

Мадина Бейсембаева, қоғамдық қор басшысы:

-Біз ақысыз берілетін препараттардың қатарына аса қажеттілерін қосу керектігін айта-айта жалықтық. Мәселен, есінен тануды алдын алатын сабрил-вигабатринді тізімге енгізу керек. Бұл ауыр дертке душар болғандарға 26 түрлі дәрі қажет. Оның тек алтауы ғана елімізде бар. Денсаулық сақтау министрлігі қайда қарап отыр. Түсініксіз.

Эпилепсиямен елімізде 47 мыңнан астам адам ауырады екен. Оның алпыс пайызы бүлдіршіндер. Денсаулық сақтау министрлігі ақысыз дәрілердің тізімін көбейтуге әзірге асығар емес. Айтуларынша, талмаға қарсы тағы препарат алдыртудың еш қажеттілігі жоқ. Сондықтан бауыр еті баласын ойлап, өздерін қоярға жер таппай жүрген ата-аналарға алтынға бергісіз дәрілерді шетелден сатып алудан басқа амалдары жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде