«Ерлігі ел аузында»: Қазақтың «қара майоры» жайлы қаруластары естеліктерімен бөлісті
Ауған соғысының аңызға айналған батыры Борис Керімбаев 71 жасында ауыр дерттен дүние салды. Қанды майданда 177-ші жеке отрядты бастаған жаужүрек командирдің ерлігі әлі күнге дейін ел аузында. Ауған көсемі Ахмед шах Масуд оның басы үшін 1 млн доллар тіккені дарынды қолбасшының сұм соғыстағы беделін айғақтайды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
12.02.2019
«Қара майор». Осы есіммен аты аңызға айналған Борис Керімбаев қайтпас қайсарлық пен беріспес батылдықтың ерен үлгісі іспетті. Ауғанстандағы қанды майданда ерлігімен көзге түскен ардагер 71 жасында өмірден озды. Даңқты командирдің жаны кеткенімен, сұм соғыстағы батыл қадамдары қаруластарының мәңгі жадында.
Жұмабай Күлбаев, ауған соғысының ардагері:
- Ол кісі өте ержүрек, шешім қабылдағыш, нағыз командир болатын. Ол кісінің ең басты мақсаты жауынгерлерді аман алып қалу. Әр уақытта соны ойлайтын азамат еді. Нағыз қазақтың «қара майоры» болған кісі деп айта аламын.
Борис Керімбаев 1981 жылы 177ші жеке отрядты бастап, Ауған даласына, оқ пен оттың арасына аттанады. 2 жыл ішінде 40-қа жуық қанды қырғынға қатысып, маджахеттердің бітіспес жауына айналады. Соғыс өнерін жетік меңгерген қазақтың командирінен құтылғысы келген ауған көсемі Ахмед шах Масуд оның басы үшін 1 млн доллар тіккені де баршаға аян.
Нұрлан Ермекбаев, Қорғаныс министрі:
- Үш күн бұрын батырымздың жағдайын біліп, «Алтын Үкі» төсбелгісін таққан едім. Ол кісі жас буынға ақыл-кеңесін айтып, Қазақстан Қарулы Күштері мен Әсери барлаудың дамуына сүбелі үлес қосты. «Қара Майордың» есімі ұмытылмас үшін өзіміздің тарапымыздан қажетті шараларды ұйымдастырамыз.
Қазақтың батырына арналып деректі фильм түсірілген. Өткен жылы 70 жасын атап өткен Борис Төкенұлының артында жар дегенде жалғыз қызы мен немересі қалды. Марқұмның туыстары бір әулиетке ғана емес, күллі жұртқа үлгі болған батыр ағамыз өмірде өте бауырмал әрі тік мінезді кісі еді деп қимастықпен еске алады.
Саясат Маратұлы, Б.Керімбаевтың туысы:
- Ол кісі әкенің орнын басқан әкеміз болды. «Паншердің королі» деген аты бар. Ізімен тарихымызды жазып кетті ғой. «Ағасы бардың жағасы бар». Біз де мақтанамыз осындай ағамыздың барына. Көзіне тік қарай алмайтынбыз.
Ауған соғысының ардагерін екі күннен кейін ақтық сапарға шығарып салады. Қазақтың біртуар ұлы туған жері Алматы облысы Жамбыл ауданында жерленбек. Енді Борис Керімбаевтың соғыстағы ерліктері өскелең ұрпаққа мәңгі үлгі боп қалмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары