Таразда жоғалған қыздың туыстары табылды
Тараздағы бейімдеу орталығына түскен 21 жастағы Алтынай Тұрсынованың туыстары табылды. Тұрғылықты мекен жайын есіне түсіре алмаған қыздың қала іргесіндегі Құмшағал ауылындағы нағашыларының қолынан жоғалғаны белгілі болды.
Автор: Руслан Әбдіхалық
14.02.2019
Айгүл Әбиева, А.Тұрсынованың нағашы әкпесі:
- Жиен сіңілім болады. Теледидардан көріп, танып келіп отырмыз. Шешесі 2013 жылдан бері ұшты-күйлі жоқ, әкесі араққа салынып кеткен. Туылғанынан эпилепсиямен ауырады.
Алтынай ата-анасымен Меркі ауданында тұрған. Әкесі ішімдікке салынып кеткесін, анасы Қырғызстанға жұмысқа кетіп, сол күйі оралмаған. Бойжеткеннің шекарадан табылуына қарағанда, ол шешесін іздеп шыққан болуы мүмкін. Тірі жетім Құмшағал ауылындағы нағашыларының қолында өскен. Туыстары екі ай бұрын одан көз жазып қалған. Іздеуге беріп, күні бүгінге дейін таба алмай жүріпті. Алтынайдың туылғалы бірде-бір құжаты жоқ. Ал оны әзірлеуге жақындары шамамыз келмейді дейді. Сондықтан құзырлы орыннан көмек сұрап отыр. Ақыл – есінде ауытқуы бар қыз қазақ-қырғыз шекарасы маңынан адасып жүрген жерінен табылып, бейімдеу орталығына жеткізілген болатын. Мекеме қызметкерлері біздің телеарнамыз арқылы туыстарына іздеу салған соң, жақындары табылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!