Семей жұрты: Өрт сөндіру қызметінің көліктері су алуын тоқтатсын
Семейде осылай деген Восход кентінің тұрғындары жаппай наразылық білдірді. Жиналғандардың айтуынша, коммуналшылар өрт сөндірушілер машиналарына құйып әкететін судың шығынын жұрттың мойнына артып берген. Енді соның салдарынан тұрғындар қарызға белшеден батып жатырмыз, - дейді. Ал, мамандар мұны өздерінің төлемеген берешегі деп ақталып әлек.
Автор: Ұлан Нұрахмет
14.02.2019
Восход кентіндегі көп қабатты 11 баспана мына мұнара арқылы ауызсумен қамтамасыз етілуде. Алайда оны уақытылы толтырып отыру үшін жер астынан су соратын насос орнатылыпты. Дегенмен жұрт кей сәттерде, өрт сөндірушілер техникаларын осы жерден суға толтырғандықтан тіршілік нәріне жарымай қалатындықтарын да айтуда.
Сонымен қатар, бұл жерде тұтынған суды есептеп тұратын құрылғы да бар. Бүгінде жұртқа сол арқылы ай сайынғы төлем есептелді екен. Ал өрт сөндірушілер су алған соң түбіртектегі сома бірнеше есеге көбейіп кетеді екен. Сондықтан коммуналдық мекеме өртке кеткен судың құнын тұрғындардан өндіреді деп топшылап отыр.
Қарашаш Хасенова, Восход кентінің тұрғыны:
- Біздің екі қабатты үйдің өзіне 28,800 теңге қарыз деп келіп тұр. Ай сайын 1500-1700 теңгеден келеді. Оны төлейміз. Ал, енді өрт сөндірушілердің алған суында халық төлеуі керек пе?
Қалтамыз қағылды деген жұрт мәселені көтеріп талай табалдырық тоздырған. Олар мамандардан есептегіш құрылғыны ортақ емес, әр пәтерге жеке орнатып беруін өтінген екен. Әйтседе, сөздеріне құлақ асып, қол ұшын созатын шенеунік табылмағанына қапалы. Алайда жауапты мамандар, тұрғындардың өрт сөндірушілер алған су үшін ақша төлейміз дегенін жоққа шығарды.
Еркен Сағындықов «Семей Су арнасы» МКК директоры:
- Өрт сөндірушілердің алған суы есептелмейді. Ол есептегіш құрылғыдағы көрсеткіштен шегеріліп отырады. Сондықтан оны тұрғындар төлемейді. Ал, қолдарындағы түбіртекте жазылған сома өздерінің дер кезінде төлемей қордаланған қарызы.
Бірақ, мамандар өрт сөндіруші техника су алған сәтте жұрттың тіршілік нәрінен сағаттап тарығып қалатынын жасырмады. Әйтсе де, бұл мәселенің түйіні жақын арада шешімін табады деп отыр. Өйткені, Восход, Водный кенттерін орталықтандырылған су жүйесіне қосу үшін қажетті құжаттар әзірленіп жатыр екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!