Шымкентте сатылмауы тиіс жерлер мазармен қосып жекеменшікке өтіп кетті
Сайрам ауданынан Шымкентке қосылған Мәртөбе ауылының жұрты осылай деп шағымданып жатыр. Олардың айтуынша, жергілікті өндірістік кооператив шенеуніктермен ауыз жаласып, жол мен арық, темір жол мен бейіт тұрған жерлерге құжат жасап алған көрінеді. Жұрт бұны жер комитеті де растады дейді. Алайда не қайтып жатқан жер, не тексеріп жатқан шенеунік жоқ деген тұрғындар жекеге кеткен мазар басында шу шығарды.
Автор: Бек Әбиев
14.02.2019
Жеріміз көз алдымызда кетіп жатыр деген мәртөбеліктер ауыл маңындағы бейіт басына жиналды. Ашынған тұрғындардың сөзінше, жергілікті өндірістік кооператив жұрттың егін суаратын арығы бар, темір жолына дейін иемденіп, жалпыға тиесілі 20 гектар жер кетіпті. Тіпті бейіт те жекешеленіп кеткен көрінеді. Ашуға мінген ауылдықтар бейітті өлсек те бермейміз деп атой салды.
- Жолымызды алды, арығымызды алды суаратын, жайылым жерлерімізді алды, ең сорақысы мазаратымызды алды. Мазарды өліп қалсақ та бермейміз! Бұл жерде ата-бабамыз жатыр. Мазаратты қайтарсын!
Алайда жекешеленді деген жерлер әлі қоршалмаған. Алғашқыда жер кетті деген суық сөз шығып, құжатарды көтерген кезде ғана көздері жетіпті.
Махамат Халилов, Мәртөбе ауылының тұрғыны:
- Талдарымыз бәрі құрып жатыр. Басқа нәрсе еге алмаймыз. Халық қиналып жатыр. Мал жүретін жолымыз да жоқ. Оны да жауып тастап жатыр. 2-3 рет айттық, 2-3 рет жиналыс болды. Бірақ, бәрібір іске аспай жатыр.
Өздігінше тексеру жұмыстарын жүргізген мәртөбеліктер шенеуніктердің бірталай былығына тап болдық дейді. Сайрам ауданына қарасты болып, кейін Шымкентке өткен жерлер жеке қолға кетіп жатқан көрінеді.
Оразалы Кенжебеков, Мәртөбе ауылының тұрғыны:
- Халық енді қайда барамыз? Әкімдікке айттық, кадастрға жаздық, прокуратураға жаздық. Бәрі сатылып бітті. Техника сатылып бітті, ғимараттар сатылып бітті.
Ал жерге жауаптылар тым сабырлы. Байбалам салуға ерте деген олар кінә кімнен екенін нақты айту үшін арнайы жұмыс тобы тексеруі керектігін жеткізді.
Ербол Асанбаев, Қаратау аудандық жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімінің жетекшісі:
- Далалық зерттеу жұмыстарын жүргізбей біз нақты ештеңе айта алмаймыз. Оны жерге мазар түскені сол далалық зерттеу жұмыстары барысында анықталады.
Ал ақжағалылар тексеруі үшін мәртөбеліктер арнайы арыз түсіруі керек. Әйтпесе, шенеуніктер өздігінше тексермейді де екен. Алайда өндірістік кооператив басшылары біреуге тиесілі жерді алып қойды деген жұрт сөзін жоққа шығарып, бізге жабылған жала деп отыр. Қалай болғанда да, Мәртөбе жұрты мәселенің ақ-қарасын айыруды сұрап, құзырлы органдарға шағым жолдамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!