«Лифтінің құрбаны»: Марқұмның өмірінің соңғы сәті камераға түсіп қалған
Лифтінің шахтасына құлап, қаза тапты. Алматыда ауған соғысының ардагері Талғат Жастықбаев істен шыққан жеделсатының құрбаны болды. Ол 5-ші қабаттағы лифтінің есігін өзі күшпен ашып кірмек болғанында төменге құлап түскен. 60-қа қараған азаматтың өлі денесі 6 сағаттан кейін лифт шахтасынан табылыпты. Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаға өз ісіне салғырт қарайтын «Алматылифт» мекемесін кінәлап отыр.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
14.02.2019
Әсет Жастықбаевтың туған күні әкесінің қазасымен қайғылы аяқталды. Сары лентамен оралған жеделсатыны көргенде жігіт ағасының жүрегі қан жылайды. Қайғыдан есеңгіреген ол өлімге бір ауыз түсініктеме беруге жарамаған лифтіге жауапты мекеме кінәлі дейді.
Әсет Жастықбаев, Т. Жастықбаевтың ұлы:
- Маған ешкім келіп, түсіндірмеді. Лифт істемесе, есік ашылмау керек дейді. Мен сотқа беріп, соңына дейін тергеуді қадағалаймын.
Талғат Жастықбаевтың ажал құшқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ауған соғысының ардагері жеделсаты жедел келмеген соң, 5-ші қабатқа түскен. Сосын лифтіні аяқ-қолымен ұрғылай бастайды. Ақыры төзімі таусылған қария есікті иығымен итеріп ашпақ болғанда төмен қарай құлап кетеді. Туыстары оны жер-көктен іздеп, алты сағаттан соң өлі денесін лифтінің шахтасынан тауыпты. Ол аздай, құзырлы органның жайбасарлығынан мәйіт тағы үш сағат жертөледе жатқан.
Даударбек Жастықбаев, Т. Жастықбаевтың туысы:
- Мысалы, ТЖД үш сағаттан кейін келді. Полицейлер бір сағатта келіп тұр. «Алматылифт» кінәлі. Олар келіп, қашып кетті. Бауырымның өліміне кім жауап береді? Кімнен сұрауымыз керек?
Осы көпқабатты үйдің тұрғындары қайғылы оқиға жауапты мекемеге сабақ болмай тұр деп қынжылады. Себебі, кешегі қорқынышты жайттан кейін жеделсаты ағашпен оқшауланбаған. Бұзылған есік сол күйі ашық тұр. Тұрғындар ойын балалары абайсызда лифт шахтасына құлап, оқыс оқиға тағы қайталана ма деп үрей үстінде отыр.
Зерделі ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің жұрты лифтіден көрген қорлығымыз көп дейді. Кабинасы теңселіп, кенет тоқтап қалатын жеделсатыда талай адам қамалып, ішінде өрт те шығыпты. Ал лифтіні тексеруге келген құзырлы орган шара қолданудың орнына, өзімізді мазақ қылады дейді ашынған халық.
Айдана Шүнешалиева, тұрғын:
- Қалалық прокуратураның екі адамы кірген ішіне. Олар шыққанша қорқып, «сбанджбоб» деп күліп кетті. Ешқандай өзгеріс жоқ. Тағы біреу өліп қалса, «бастарыңмен жауап бересіңдер» деп люкты жапқызғанмын.
Талай жанға қауіп төндіріп, бір адамның өмірін жалмаған жедел сатыға жауапты «Алматылифт» мекемесі тексеру жұмыстары уақылы жүргізілетінін айтады. Лифт қауіпсіздігіне аса мән береміз деп мақтанған компания өкілдері өздеріне шаң жуытар емес. Олар тез сынғыш жеделсатыларды Қытайдан арзан бағаға алдыртады екен.
Алмас Сартаев, «Алматылифт» ЖШС директорының орынбасары:
- Сегізден бес кеткенде 22 пәтерден шақырту түсті. Механик тоғыз қырықтарда сол жерде болды. Біз бірінше кезекте қамалғандарға барамыз. Қамалғандардан кейін сол жерге барған. Ай сайын тексергенде, қауіпсіздік құрылғылары бірінші кезекте тексеріледі. Біз ондайға жібермейміз. Арнайы комиссия себеп-салдарды анықтайды.
Қазір аталған оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталды. Ал 59 жастағы Талғат Жастықбаевтың мәйітін жақындары туған жері Жамбыл облысына алып кетті. Келесі жылы мерейтойын атап өтеміз деп жоспарлаған ағайын-туыс оқ пен оттың арасынан аман оралған соғыс ардагерінің ажалы лифтіден болғанына сене алар емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!