Әкімнің атын жамылған директор орынбасарының масқарасы шықты
Шешу үшін жүрміз ғой! Алматы облысында әкімдіктің атын жамылып, тәртіп сақшыларына сес көрсеткен қызметкер жұмысынан қуылды. Әкімдік деген жазуды іліп алып, газель көлігін құжатсыз тізгіндеген жүргізушіні полиция қызметкерлері ұстаған еді. Сол жүргізушінің бастығымын, мәселені өзім шешемін деген «Тазалық» мекемесі директорының орынбасары жұмыссыз қалды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
18.02.2019
Қаскелең полициясы түнгі рейд барысында мемлекеттік нөмірі мен көлік бортындағы нөмірі сәйкес келмеген газелді тоқтатады. Айғай-шудың көкесі содан кейін басталады. Жүргізушінің құжаты жоқ, ал жанындағы досы ішімдікке сылқия тойып алған. Онымен қоймай, Қаскелең қаласының әкіміне қоңырау шаламын деп, тәртіп сақшыларына сес көрсетіп әлек.
- Әкімге айтамын.
- Хабарлас.
Көліктің кілтін бермеймін деп қиғылық салған жігіт ақыры өзі айтқан «әкіміне» қоңырау шалды. Тұтқаны алған адам полиция қызметкерін қорқытайын деді ме, әйтеуір қалалық әкімдіктенмін, бұл қызметтік көлік деп ағынан жарылды.
- Мен қалалық әкімдіктенмін. Көлік әкімдіктікі.
Өзін Асқармын деп таныстырған ол сөзінің сенімсіз шыққанын сезді ме, іле-шала көлік тұрағына жетіп келді. Полиция қызметкерлеріне әкімдіктің жұмысымен жүрміз деп ақталды. Шешілмейтін мәселе жоқ деп келісуге де талпынды. Алайда еш нәтиже шықпаған соң, өз жұмысшыларын бір сыбап алды.
- Ол жұмысшы. Топас нағыз .Заңды білмейтін, ештеңені білмейтін.
Ал Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев бұл жанжалға менің де, қарамағымдағы қызметкерлердің де қатысы жоқ деп отыр. Қала басшысы биліктің атын не себепті жамылғанын да түсіне алмай дал. Бірақ ол адамды танитынын жасырмады.
Асқар Мұқашев, Қаскелең қаласының әкімі:
- Асқар менің де атым. Ол кісінің де аты Асқар. Ол кісі бізде жұмыс істемейді. Жігіттердің де бізге қатысы жоқ. Әкімдік деген жазуды заңсыз қолданған. Неге әкімдікті атағанын білмеймін. Бізге қатысы жоқ. Ол кісі Қаскелеңнің тұрғыны. Сырттай көріп жүреміз.
Әкімнің сырттай көріп жүреміз деген адамы «Тазалық» мекемесі директорының орынбасары болып шықты. Кез-келген мәселенің тігісін жатқызамыз деп кеуде соққан оны басшысы дереу жұмыстан қуатынын айтады.
Болат Туғамбаев, «Тазалық» ЖШС директоры:
- Ол расымен менің орынбасарым Асқар Берісов. Біздің жұмыспен жүретіндей тапсырма берілген емес. Ана жігіттер оның таныстары ма, білмеймін. Ондай көлік те, жұмысшылар да жоқ бізде. Мұндайды мен кешірмеймін. Жұмыстан кетірткіземін.
Әкімдіктің атын жамыламын деп жұмысынан айырылған Асқар Берісов мырзаның өзі денсаулығына байланысты сұхбат беруден бас тартты. Ал заңға бағынғысы келмеген жұмысшылары әкімшік жауапкершілікке тартылды. Енді Қаскелең әкімдігі биліктің атын атап, ойына келгенін істейтіндерге қатаң шара қолданамыз деп отыр. Болған оқиғаны облыстық полиция департаментіндегілер растап отыр. Олар да бұл жайтқа қатысты жаза қолданылғанын айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!