Қауіпті ойыншықтан қалай сақтану керек?
Улы ойыншықтар! Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті кішкентай балалар көп ойнайтын ойыншықтардың бала денсаулығына қауіпті екенін анықтады. Құжаты жоқ ойыншықтарды сырттан әкелуге былтыр тамыз айында тыйым салынған еді. Соған қарамастан, олар еліміздің бүкіл аумағында сатылып жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
19.02.2019
Құрамындағы фенол мен метил спирті қосындысы рұқсат етілген межеден екі есе асып кеткен. Бала денсаулығына қауіп тудыратын «Фея парк» қуыршақтары мен Май литл хорс, Фантастик тойс ойыншықтары Солтүстік Қазақстан облысынан анықталыпты. Басқа өңірлерде София, Барби, Лол, Робокар Поли, «Мини-тобот» автокөліктері және басқа да көптеген ойыншықтардың арнайы құжаттары болмаған. Оларды негізінен, Қытай мен Түркиядан тасиды.
Рабиға Айтжанова, Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті басқармасының бас сарапшысы:
- Ойыншықты арнайы дүкендерден сатып алған дұрыс. Онда да құжаты, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын сертификаты болу керек. Сонымен бірге, әр ойыншықтың қай жастағы балаға арналғаны анық жазылып тұрмаса, ол да күмәнді. Ондайларды көргенде біздің комитетке немесе аймақтық бөлімшелерімізге шағымдануға болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары