{metadescription}
Астана әкіміне сұрақ қоя алмаған тұрғындар шу шығарды 
Астана әкіміне сұрақ қоя алмаған тұрғындар шу шығарды 

Астана әкіміне сұрақ қоя алмаған тұрғындар шу шығарды 

Астанада көпбалалы аналарға пәтерлер жалға беріліп, оны кейін сатып алуға мүмкіндік туады. Атаулы әлеуметтік көмекке қолы жетпей отырған отбасыларға қаржы қайта қарастырылады. Тұрғындармен бірінші рет есептік кездесу өткізген қала әкімі Бақыт Сұлтановтың осындай жаңалықтары бар. Бірақ, біреулер ұйықтап, біреулер айғайға басып, жиын көңілсіз өткен жоқ. 

Бақыт Сұлтанов баяндамасын тірідей өртенген бес бүлдіршіннің қазасына көңіл айтудан бастады. Одан соң көпбалалы аналар мәселесін айналып өту мүмкін бе?! Енді Астанада көпбалалы отбасыларға пәтер жалға беріледі де оны кейін сатып ала алады. Әйтсе де қалада әлеуметтік жағдайы төмен 25 мың отбасы болса, соның 10 мыңы көпбалалы. Соның тек 4 пайызы ғана атаулы әлеуметтік көмек алады екен. 

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі: 

- Бұл өте төмен көрсеткіш. Барлығын тексеріп шықсақ, есептеу әдісі дұрыс емес екен. Соның кесірінен қаншама адам тиесілі ақшадан қағылып отыр. Бұл жерде көпбалалы отбасылар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандар да қамтылған. 

Қаржы министрі құсап, құр санды сылдыратпаймын деп еді. Бірақ әкім боп сөйлегені көпті еліте алмай, жиын үстінде біразы қорылға басты. Ұйқысы келмегендер телефон шұқыды. Іштегілер осылай ұйықтай берсін, есіктің сыртында біраз ел алқынып-жұлқынып жатты.  

- Кіргізіңіздер бізді. 

Дегенмен, Сұлтанов әбден дайындалып келген. Астана тұрғын үй салудан елде бірінші орында, жылына 2,3 миллион шаршы метр соғылады. Қаладағы 6 мың «Сергек» бақылау камерасының арқасында аулада жасалатын қылмыстар мен жол апатынан қаза тапқандар саны екі есеге азайыпты. Ал  әкіммен күнде бұлай көре бермейтінін білетіндер осылай бір кездескенде шағым айтам деп, көңілін де босатып алды. 

-  Уәдеге тойдық. Бас прокуратурының алдынан қолымызды қайырып әкетті. Шаршадық. Кімнен көмек сұрарымызды білмейміз. 

Есептік кездесу үлкендердің өтінішімен тәмамдалғаны сол еді, ашуға булыққандар залдан айғай шығарды. 

- Сұлтанов бірге дейін тыңдаймын деді ғой. Әлі жарты сағат бар. Қолайсыз сұрақ қойсақ, микрафонды өшіре салады. Мына залға мемлекеттік қызметкерлерді отырғызып қойған. 

Қабылдаймын дедің ғой мені, қане қабылдағаның? Халық қиналып жүр мына жерде. Қане қабылдағаның?

Шағым айтушылардың көптігін байқаған соң Сұлтанов бүкіл орынбасарларымен бірге қалған жұртты жеке қабылдайтын болды. 

Тура осы трибунада Бақыт Сұлтанов екі жарым сағат бойы тікесінен тік тұрып, жұрттың 50 сұрағына жауап беріп үлгерді. Алайда, әкімге сұрақ қоя алмай, енді жеке қабылдауына кіру үшін залда күтіп отырған, жұрттың қарасы тым көп. Қала басшысымен бетпе-бет кездесу үшін талон алғандардың ең соңғысы 321-болып тіркелді. 

Жұртты көп мазалаған мәселелердің тағы бірі қоғамдық көлік. Әкімнің айтуынша, автбустардың 30 пайызы техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Ал жылы аялдамалар қаланың көп жерінде әлі салынбаған. Оның бәрін Астананың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында қамтимыз деп отыр. Әкім болғалы 5 айдан енді асқан Бақыт Сұлтановтың қала тұрғындарына бірінші рет есеп беруі осылай өтті. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде