Ақтөбеде саудагерлердің наразылығынан соң коммуналдық базар басшылары қызметінен қуылды
Енді олардың есеп-қисабын тергеушілер тексеріп жатыр. Ал шу шығарған саудагерлердің ұсыныстарының біразын әкімдіктегілер орындағанмен, тауар бағасына қатысты талаптарын күшейткен. Әсіресе, сиыр етінің көтерме бағасын шектепті. Енді мұнда ет әкелушілер азайып, арзан еттің өзі тұрғындарға арман болып отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.02.2019
Коммуналдық базардың басшысы кетіп, екі күн бойы шу шығарған саудагерлер қазір тынышталған. Директормен қоса оның орынбасарын да әкімдіктегілер қызметінен қуып жіберіпті. Енді олардың есеп-қисабын тергеушілер тексеріп жатыр. Егер осы күнге дейін базарда заңсыз алым-салық жинағандары расталса жауапқа тартылады.
Руслан Әжниязов, Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Тиісті органдар тексеріс жүргізіп, нәтижесін өздері айтады.
Шенеуніктер саудагерлердің қойған талаптарының біразын құптаған. Енді коммуналдық базарға тауар кіргізіп-шығарғаны үшін, зертхана мен кір өлшеуіштерге бұрынғыдай ақы төлемейді. Есесіне, тауар құнын көтеруге шектеу қойған. Осының кесерінен қазір базарда сиыр еті жоқ. Себебі келісін 1250 теңгеден ешбір шаруаның бұл базарға ет өткізгісі келмейді.
Майра Қиманова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Сол шаруалар пайда жоқ деп данный уақытша ет әкелмей жатыр. Тек сенбі, жексенбі жәрмеңкеге әкеледі. Қолған күндері бөтен базарларда шарықтау шегімен сатылады. Сол себеп еттің бәрі сол жаққа кетеді.
Бұл базарды бақылауына алған әлеуметтік коорпорациядағылар ақтөбеліктер арзан етсіз қалмайды деп сендіреді. Жергілікті шаруалар өткізбесе, шетелден алдырамыз деп отыр.
Нұрлан Алпысбаев, «Ақтөбе» әлеуметтік корпорациясының өкілі:
- Кедендік одаққа кіретін ел арасынан бір-екі компаниямен келісім-шарт жасастық. Олар салқындатылған сиыр етін осы жетіде кіргізеді.
Қазір Ақтөбедегі жекеменшік базарларда сиыр етінің келісі 1800-2200 теңгеден сатылады. Коммуналдық базардағымен салыстырғанда әрине, анағұрлым қымбат. Дегенмен, пайдасын ойлаған шаруа арзанға етін өткізбесі анық. Сондықтан мемлекет меншігіндегі базардан енді қызылсыраған халық Белорусьтан жеткізілген сиыр етін алуына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!