Таразда тәрбиешіден қызы оңбай таяқ жеген ананың өзінің басы дауға қалды
Әу бастағы жәбірленуші тарап, жеме-жемге келгенде айыпталушы боп шыға келді. Ол аздай перзенті соққыға жығылған ана балабақша меңгерушісіне қыруар қаржы беруге міндеттелді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
20.02.2019
- Үніңді шығарма, жылама, жылама!
Бұл оқиға былтыр маусымда болған. Жеке балабақша тәрбиешісі екі жасар бүлдіршінді ұрып, соңы дауға ұласқан. Бұдан кейін кішкентай қыз бөбекжайға оралған жоқ. Кейін Адина Мірқалықова анасымен қалып кеткен 17 мың теңге төлемақыны қайтаруға барғанда жанжал туындаған.
Қызметкерлер меңгерушіні қызғыштай қорғап, маңына тірі жанды жутпай жатыр. Көп балалы ананың айтуынша, дәлізде дауыс көтеруден әріге бармаған. Бірақ, бөбекжай басшысы соққыға жығылып, қабырғам сынды деп арыз жазған. Сөйтіп іс сотқа жетіп Адина 2 млн.ға жуық қаржы беруге міндеттелген. Апелляциялық шағым түсіргенімен, одан да нәтиже өнбеді.
Адина Мірқалықова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Қазір сәл ғана азайтылды. Моральдық шығын 300 мың, адвокат қызметі 500 мың айппұл салып жатыр. Қалған сомалар сәл қысқартылды. Менің төрт балам бар, ол бақшада таяқ жеді. Ешқандай заңсыз әрекет істегенім жоқ. Қолымыздың ұшын да көтергеніміз жоқ.
Әділдік іздеймін деп басы шатылған ана тергеуші де, суьдялар да істі әділетсіз қарады дейді. Оның сөзіне сенсек, жанжалға түк қатысы жоқ мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері даулы іске куәлік еткен. Айғақ ретінде ұсынылған мына видеолар да елеусіз қалды дейді.
Балабақша меңгерушісімен тілдесу мүлдем мүмкін болмады. Бірнеше мәрте жұмыс орнына іздеп келіп, таппадық. Сауалдарға телефон арқылы да жауап беруден бас тартты. Жеке бөбекжай басшысының жеті айға созылған сот процесіне тек екі мәрте қатысқаны белгілі. Өзгесінде төбе көрсетпеген.
Қалалық білім бөлімі бұл жағдайды беске біледі. Бірақ шенділер тараптардың тартысына бас ауыртпайтын сыңайлы.
Гүлфайруз Естаева, Тараз қалалық білім бөлімінің мектепке дейінгі бөлім әдіскері:
- Біз оларға ешқандай ықпал ете алмаймыз. Себебі кәсіпкерлдік кодекстің 18 бабында көрсетіліп тұр, оларға біздің кіруімізге құқығымыз жоқ. Кіріп ішкі жұмысына аралауға құқық жоқ.
Адина Мірқалықова «балталымен соғыссаң да, қалталымен соғыспаның» кері келді дейді. Өліспей беріспеуге бекінген ол, енді Жоғарғы сотқа жүгінбек. Айта кейік, Адина қызы соққыға жығылған соң артынша құзырлы орынға шағым түсірген. Бірақ қылмыс құрамының болмауына байланысты іс жабылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!