Гелендвагенмен 4 адамды қаққан жүргізушіге қатысты үкім шықты
Сот жол ережесін бұзып, 3 адамның өліміне себепші болған 33 жастағы Ілияс Карды 10 жылға темір торға тоғытты. Сонымен қатар 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, марқұмдардың туыстарына моральдық шығын өтемек.
Автор: Әсем Қабылбек
20.02.2019
2019 жыл енер тұста күллі Алматы жұртын дүр сілкіндірген жол апатына қатысты іске бүгін нүкте қойылды. Алмалы аудандық соты басты айыпталушы Ілияс Карға қатысты үкім шығарды. Сонымен күдікті Ілияс Кар 10 жылға сотталып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Алайда, тергеу барысында және 2 аптаға созылған сот процесінде ол өзіне тағылған айыптарды толық мойындаған жоқ. Соның ішінде мас күйінде көлік жүргізбедім деп отыр.
Гелендвагенімен 4 адамды жаншып, 3-уін мерт қылған Ілияс Кар сот залына айдауылмен жеткізілді. Ол 2018 жылдың 29 желтоқсанынан бері қамауда отыр. Судья үкімді небәрі 20 минутта оқып шықты.
Роман Селицкий, судья:
- Сот Ілияс Кар Исмарұлын Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 345-інші бабы 4-ші тармағы және 347-бап бойынша кінәлі деп тауып, 10 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Оған қоса 7 жыл көлік жүргізу құқығынан айырылсын. Жазасын қауіптілігі төмен абақтыда өтесін.
33 жастағы бизнесмен жаңажылдық отырыстан кейін мас күйінде көлікке отырып, 4 адамды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Прокурорлар істі қарау барысында тағылған айыптарды толықтай дәлелдей алды. Сот айыпталушының онкологиялық аурудан емделдім деген сөзін ескерусіз қалды. Өйткені, одан өміріне төніп тұрған қауіп жоқ. Сотталушының кәмелет жасына толмаған 3 баласы бар екені ескерілген. 10 жылға сотталған Ілияс Кар жол апатынан қаза тапқан марқұмдардың отбасына 3-тен 10 млн-ға дейінгі аралықта моралдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұған дейін әрқайсына материалдық көмек берген болатын. Қайғыдан қан жұтқан жәбірленушілер сот шешіміне разы.
Ержігіт Нұртай, адвокат:
- Материалдық шығынды орындағандықтан қылмыстың мерзімін кішкене төмендетуді сұрадық. Бірақ сот оны есепке алған жоқ.
Ал, сот үкімін тыңдаған Ілияс Кардың жақындары сұхбат беруден бас тартты.
Былтыр 29 желтоқсанында жол талғамайтын Гелендваген көлігі Абай мен Сейфуллиннің қиылыстарында Мицубисиді бүйірден соғып, қарсы бетке шығарған еді. Таңғы 5-те болған қайғылы оқиға салдарынан Мицубисиді тізгіндеген жүргізуші Бақытнұр Құнапияұлы, белгілі актриса Шолпан Елгезекова мен оның құрбысы Динара Хамитова қаза тапты. Апаттан аман қалған жалғыз жолаушы - актриса Айзада Сатыбалдиева. Ол қазір ауруханада. Зардап шегушіге кезекті ота жасалды. Айыпталушының отбасы актриса әрі 2 баланың анасы Айзада Сатыбалдиева аяққа нық тұрғанша көмектесуге уәде беріп отыр. Ал, 10 жыл арқалаған Ілияс Кар қауіптілігі төмен абақтыда жазасын өтемек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!