Астанада ұшты-күйлі жоғалған оқушының денесі кәріз құдығынан табылды
13 жастағы Бақдәулет Өмірханды ағайын туыс, полицейлер мен еріктілер тобы бірігіп бірнеше күн іздеген еді. Сөйтсе, ойнауға шыққан оқушының мәйіті үйінен небары 150 метр жерде жатыпты.
Автор: Досжан Маратұлы
20.02.2019
Қайғылы оқиға Астана шетіндегі Железнодорожный шағын ауданында өткен сенбі күні болған. Әпкесінің соңынан далаға ойнауға шыққан 7-сынып оқушысы, үйіне қайтып оралмапты. Арада үш күн өткенде оның денесі сол маңдағы құдықтан табылды.
Бақдаулет құлаған құдық үйінен небары 150 метр қашықтықта орналасқан. Туыстарының айтуынша, ол жоғалған күні сырғанаққа ойнауға асығып шығып, төте жолмен бармақшы болыпты. Сөйтіп, осылай қалың қармен келе жатып, ашық тұрған құдыққа құлаған.
Тереңдігі 5 метр шұңқырдан жеткіншектің өлі денесін 300 адамнан құралған еріктілер тобы тапқан. Ал, полицейлер мен құтқарушылардың жұмысына Бақдәулеттің туыстарының көңілі толмай отыр. Тіпті, жоғалған ұлдарын дереу іздеудің орнына, оларды тергеп, сұрақтың астына алған көрінеді.
Нұржан Өмірханұлы, марқұмның ағасы:
- Ойнап кеткен шығар, компьютер клубында шығар деді. Ол албаты үйден шықпайтын бала. Мен тергеу тобын, иісшіл ит жіберіңіздер депөтіндім. Сол кезде бала әлі тірі болатын ба еді?...
13 жастағы жасөспірімнің өмірін жалмаған құдықтың беті оқыс оқиғадан соң ғана жабылды. Десе де, бұл ауылдың айналасында беті ашық тұрған шұңқырлар көп. Олардың бәрін қарды аршып жүріп еріктілер тауыпты. Біреу-міреу тағы құлап жазым болмас үшін төңірек ленталармен қоршалған.
Айзада Жүсіпова, ерікті:
- Баланы іздеп жүріп, алғашқы күні 42 құдық таптық. Қар астында жатқан барлығының беті ашық болды. Екінші күні тағы 40-тан астамы анықталды. Олардың бетін жабу үшін, тағы қанша адам өлуі керек?...
Бұл Астанада қасірет әкелген алғашқы оқиға емес. Тура үш ай бұрын 13 жастағы Аружан Маратованың да жансыз денесі ашық жатқан құдықтан табылған болатын. Сол кезде әкімдік қақпақтарға құлып саламыз деп уәде еткен еді. Бұл шаруа аяғына дейін жеткізілгенде,Бақдәулет тірі қалар ма еді?...
Айталы Гүлмира, марқұмның сынып жетекшісі:
- Бұл хабар маған өте ауыр болды. Ең жақсы көретін балаларымның бірі еді. Беспен оқитын оқушымыз. Олимпиадаға дайындап отырған баламыз еді.
Қазір құдық қақпағын ұрлап бір үйді үкілеген үмітінен айырғандар іздестіріліп жатыр. Кінәлілер анықталса, 4 жылдан 8 жылға дейін жаза арқалауы мүмкін. Істі Астана әкімі де қатаң бақылауына алды.
Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:
- Қақпақтарды үнемі ұрлап кетеді. Қазір орнатсаң, қазір жоқ болады. Сол үшін камераларды көбейтіп, қылмыскерлерді ұстап жатырмыз. Коммуналдық қызметке құдықтардың жабық тұруын қатаң бақылауда ұстауды тапсырдым.
Сондай-ақ, Сұлтанов қақпағы жоқ шұңқыр көрген тұрғындарды дер кезінде хабар беруге шақырды. Әрі полицейлер ақшаға темір-терсек қабылдайтын орындарды бақылауда ұстауы тиіс. Өйткені, қара нарықта небары үш мың теңгеге бағаланатын қақпақты ұрылар сонда өткізеді. Ал Бақдәулет ертең туған жері Таразда жер қойнына тапсырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!