Тұрғындар үйлерінің айналасына үйген қарларын шығаруға міндеттеліп жатыр
Семейде тұрғындар үйлерінің айналасына үйген қарларын шығаруға жаппай міндеттеліп жатыр. Себебі, былтырғы қыспен салыстырғанда ақұлпа биыл екі жарым есеге артық түскен. Енді, құзырлы орындар тарапынан жасалған ескертуді елемегендер әкімшілік жауапқа тартылады. Ал әкімдік кар шығаруға жұртқа көмекке келейін десе қаражат тапшы екен.
Автор: Ұлан Нұрахмет
21.02.2019
Жұрт тықыр таянғанда ғана іске кіріскен жауапты мамандардың әрекетін сынға алды. Өйткені, оларға бұған дейін ешкім ауласындағы қарды тазалауға ескерту жасап келмеген екен. Енді, көктем шығуға санаулы күн қалғанда қыр көрсетіп жатыр, - дейді. Ал полицейлер әр үйдін есігін қағып, үйілген қарды шығаруды талап етіп жүр. Бас-аяғы берілетін екі күннің ішінде тәртіпке бағынбаса, әкімшілік жауапқа тартпақшы. Тіпті, сол үшін салынатын айыппұлдың көлемі де биыл артқан екен.
Елеубек Оспанов, Семей қалалық ПБ баспасөз басшысы:
- Айыппұл жеке тұлғаларға 20 АЕК. Ал, егер шағын және бизнес орталығының кісілері болса, онда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Дегенмен, былтырғы тасқын жергілікті билікке сабақ болса керек, атқамінерлер биыл жан таласуда. Көктем шықпай жатып шаһардың басты көшелерінің басым бөлігін қардан тазартып үлгеріпті. Әйтсе де, жұмысты толық аяқтауға бөлінген 43 млн теңге жетпей қалған. Сондықтан олар, жергілікті қазынадан қосымша қаржы сұрап отыр.
Нұрлан Серғазинов, Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі жетекшісінің орынбасары:
- Бюджеттен қаржы бөлу туралы өтініш білдірдік. Қазіргі уақытта қосымша, 50 млн теңге керек. Бұл тез арада шешімін табады деп ойлаймын. Өйткені, қарды толық тазалауға әкімнің өзі келісімін беріп отыр. Әсіресе, қауіпті аймақтарды басты нысанаға алатын боламыз.
Атқамінерлердің айтуынша олардың қатарында, Затон және Мирный кенттері бар. Бүгінде бұлар қауіпті аймақтардың санатында тұр. Яғни, ақұлпа тазартылмаған жағдайда тағы да тасқынның астында қалуы мүмкін. Өйткені, қар жылдағыдан қарағанда, биыл екі жарым есеге артық түскен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!