Шетелдік өнімге құмарлығы үшін лауазымды шенеуніктер сөз естіді
Өзгенікін қайтесің, өзіңдікі тұрғанда! Вице-премьер Асқар Мамин әкімдік қызметкерлеріне өзге мемлекетке жеке шаруамен барғанда, ол жақтан импорттық тауар сатып алу туралы келісім жасауды тоқтатуды талап етті.
Автор: Жәудір Оразхан
21.02.2019
Асқар Мамин, Премьер-министрдің орынбасары:
- Мәселен, бір облыс әкімінің орынбасары демалысын Түркияда өткізген. Ол елге қайтарында түркиялық компаниямен автобус сатып алу туралы келіссөз жүргізген. Ал көрші облыста, небары 200 шақырым қашықтықта автобус шығаратын отандық кәсіпорын тұр. Өзіміздің өнімді қолдау керек қой.
Бірақ түркиялық компанияның сойылын соғып жүрген атқамінердің аты-жөнін вице-премьер айтқан жоқ. Негізі елімізде 2020 жылға дейін автопарктерді жаңартуға арналған бағдарлама қабылданған. Сол құжатқа сай, мың автобус сатып алу үшін 30 миллиард теңге бөлініпті. Мәселен, Шымкенттің өзі 800 қоғамдық көлік керек деп, өтініш жазған. Сондай-ақ, Семей, Атырау, Алматы, Астана, Ақтау, Павлодар әкімдігі де қаладағы автобустарды жаңартуы тиіс. Осы орайда вице-премьер шенеуніктерге отандық көліктерді ғана сатып алуды қатаң ескертті. Қазақстандағы төрт автозауыттың өнімі шетелдік автобустардан еш кем емес дейді Асқар Мамин.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!