Астанада құрылысы тоқтаған үйдің үлескерлері ақшаларын қайтаруды талап етті
Астанада алып құрылыс компаниясы төңірегінде жанжал шықты. «Шар-құрылыс» компаниясына ақшаларын сеніп тапсырған мыңнан астам үлескер пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүр. Дауға қалған фирма тұрғын үй кешенінің құрылысын созбалаңға салып жіберген. Тіпті тірнектеп жиған ақшамызды қайтармай алдап соқты дейді ашынған салымшылар.
Автор: Досжан Маратұлы
21.02.2019
Айжан Сағындықова – «Алтын шар-2» тұрғын үй кешінінің салымшысы. Күйеуі екеуі осы жерден екі бөлмелі қос пәтер алу үшін былтыр қаңтар айында бар жиған-терген 32 миллион теңгесін санап берген.
Айжан Сағындықова, үлескер:
- Бұл үйді біз сатып алған кезде менеджерлар 2018 жылдың қыркүйегінде беріле байтайды. Желтоқсан айына дейін аласыңдар деген. Бірақ, қазір көріп тұрғандай, үй берілмейін деп тұр. Құрылыс тоқтап тұр.
Дәл осындай қиын жағдайға қалған мыңнан астам үлескер бар. Барлығы 1, 2 немесе 3 бөлмелі баспана алу үшін 10-нан 30 миллион теңгеге дейін өткізген. Бірақ, құрылыс алаңында олардың үйін тұрғызып жатқан тірі жан жоқ. Тек, қалқайып екі кран тұр.
Құрылысы тұралаған тұрғын үй қаланың көрікті жері – Есілдің сол жағалауында орналасқан. Осыған қызығып, қолда бар ақшасын берген үлескерлердің көбі енді өкініп отыр. Өйткені 8 айдан бері тоқтаған құрылыстың аяқталарына күмәнмен қарайды.
Алдандық деген үлескерлер «Алтын шар-2» кешенінің осы макетіне қызыққан. Негізі тұрғын үй 3 бөліктен тұрады. Бірінші, екінші корпусы аяқталуға жақын. Ал ең үлкен 22 қабатты үшінші үйдің құрылысы басталмай жатып тоқтаған. Оның үстіне тұрғын үйді тұрғызған құрылысшылар да бірнеше айдың жалақысын алмапты. Көз жасына ерік берген мына кісі сол жұмысшыларды жалдаған құрылыс фирмасының басшысы екен.
Жібек Ақынова, «Әлімжан құрылыс» жшс директоры:
- Түсінемін, «Шар құрылыста» қиындықтар болып жатқан шығар. Бірақ, менің де жағдайым оңып тұрған жоқ. Жұмысшыларыма ондаған миллион теңге қарызбын. Үйімді, көлігімді ломбардқа қойып, құрылысшылардың біраз жалақысын бердім. Толық төлеу үшін енді ағзаларымды сатуым керек пе?
Құрылыс басында шу шыққаны сол еді, барлығына жауапты «Шар-құрылыс» компаниясының басшысы да келді. Берік Аманов үйді тапсыру мерзімнің 9 айға кешігуіне Астана әкімдігін кінәлады. Өйткені шенеуніктер әлі күнге дейін тоқ пен жылу тартып бермепті. Мәселені жақын күндері шешеміз деген ол күн жылынған бойда құрылысты бастап, жыл соңына дейін аяқтауға уәде берді. Бірақ оған дейін күтпейміз деген үлескерлер ақшаны қайтаруды талап етті.
Берік Аманов, «Шар-Құрылыс» атқарушы директоры:
- Ақшамызды қайтарып беріңдер!
- Толық қайтарып береміз. Арыз жазыңыздар.
- Осы уақытқа дейін неге комиссия ұстап қалам дедіңіздер?
- Ұстамаймыз. Қайтарып береміз. Банкте тұр.
Осыдан соң компания кеңсесіне барған наразы топ ақшаны толық қайтармыз деген уәде өтірік болып шықты дейді. Өйткені ондағылар қаржының тек жарты жылдан соң қайтатынын әрі 10 пайызы комиссия ретінде ұсталатынын айтқан көрінеді. Енді үлескерлер «Шар-құрылыс» серіктестігін сотқа бермекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!