«Анамды іздеймін» фильмінің екінші бөлімі көрсетіле бастады
Америкада басталған хикая Түркияда жалғасын тапты. Бүгіннен бастап еліміздің кинотеатрларында «Анамды іздеймін» фильмінің екінші бөлімі көрсетілуде.
Автор: Мақсат Мәлік
22.02.2019
Бірақ, бұл жолы махаббатты бағдар еткен туындыда адамгершілік қасиет пен отбасылық құндылықтар кеңінен суреттелген.
«Анамды іздеймін» фильмінің жалғасы комедиямен астасқан шытырман оқиғаға толы. Күлдіре отырып ой салатын кино басты кейіпкердің бірі Мұраттың қарындасына сөз салған Даниярға қарсылық танытуынан басталады.
Нұрбек Айбашов, продюсер:
- Бірінші бөлімге мән берсеңіздер, Америкада жолыққан Азаматты Данияр асырап алады. Ал, Азамат бұл жолы әкесі мен Әлияның қосылуына көмектеседі. Осылайша өзіне де ана тапқысы келеді. Фильмнің негізгі бөлігі Түркияда түсірілді.
Алайда, болашақ күйеу бала мен қайынаға арасындағы тартыс кейіпкерлер Түркияға жол тартқанда тіптен шиеленіседі. Мұраттың көңілін аулап, сырқатын емдетпек болған Даниярдың әрекетінен алғашында түк шықпайды. Бірақ, Анадолы елінде талай қиындыққа тап келген кейіпкерлер соңында тіл табысады.
Тәуекел Мүсілім, актер:
- Сценарий оқыған кезде 15 минут бойы ішегім қатып, күлкіден ішіп жарыла жаздады. Шыны керек, өте күлкілі етіп жазылған.
Азамат Ұланов, актер:
- Біріншісінде мен ата-енесі жоқ бала болсам, екінші бөлімде әкесі бар, құрсағы тоқ, өмірге ризашлығы бар баланы ойнау қиыншылық болды.
Алайда, өн бойы әзілге құрылған фильмнің ақыры жанарыңа жас келтіріп, өмірдің мән-мағынасын түсінуге жетелейді. Комедия арқылы отбасылық құндылықты назарда ұстаған туындыдан құр қалғыңыз келмесе бүгіннен бастап кинотеатрларға барыңыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!