Қақаған қыста ақтөбелік көпбалалы отбасы қаңғырып қалды
Үйлері өртеніп, жалын ортасынан үш баланы туыстары алып шыққан. Олар дін аман. Бірақ Байтөбетовтердің барар жері жоқ.
Автор: Жаңалық Ахаш
22.02.2019
Байтөбетовтер отбасы алты баласымен туыстарының үйіне түнеп шықты. Өртенген шаңырақтарына қарап отағасымен әйелі қосыла егіледі. Ең бастысы бала-шағасының аман қалғанына тәубе етіп отыр.
От дәл осы бөлмеде тұтанған. Есігі жабық тұрыпты. Ал теледидар қарап отырған балалар үйдің өртеніп жатқанын байқамаған.
Сол күні отанасы Айнұр үш айлық сәбиін дәрігерге көрсетуге жақын маңдағы емханаға кетеді. Айналдырған жарты сағат ішінде бұлай болар деп күтпеген. Үйде қалған үш ұлын өрттен қайнысы құтқарып қалған.
Айнұр Байтөбетова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Сол кезде қайным келген. Балалар бөлмесін ашып қалса, түтіндеп жатыпты. Есіктен кіре берісінде алып үлгерген ғой. Үшеуі содан аман қалды. Ол келмегенде құдай біледі не боларын? Үшеуі жанып кететін шығар үй ішінде.
Мұрат Байтөбетовтың алты баласы бар. Тұңғышы 11-де, кенжесі үш айлық. Өрттен баспана тұрмақ, киетін киімдерінің қалмағанын айтады. Енді қақаған қысқа бала-шағасымен қайда барарын білмей күйінеді.
Мұрат Байтөбетов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Мына жатқан дүниелерімнің бәрі жанып кетті. Балаларымның киімдері, ештеңе қалған жоқ. Әркімнен сұрап киіп жүр. Аяқ-киімдері бәрі жанып кетті.
Әкімдіктегілер мұндай жағдайға қазынадан қаржы қарастырылмағанын айтады. Бірақ қолдан келер көмектерін аямаймыз деп отыр.
Бекболат Нұрашев, Ақтөбе қалалық азаматтық қорғаныс және ТЖБ басшысы:
- Қолданыстағы заңдарға сәйкес бюджет тарапынан көмек беру немесе үй салып беру қарастырылмаған. Қазір енді ол адамдарды далаға тастамаудың амалы ретінде уақытша пәтермен көмектесу мәселесін қарастырып жатырмыз.
Байтөбетовтерге уақытша баспананы шенеуніктер тапқанымен, бала-шағасының киім-кешегін бүтіндеп, үйін қайта тұрғызуға елден көмек керек. Жомарт жандар болса экрандағы телефон нөміріне хабарласа алады.
Отбасының байланыс телефоны: +77022408141
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!