Қызметінен бас тартқан вице-министр Сағынтаев үкіметінің ең басты кемшілігін атады
Үкімет отставкаға жіберілген соң, шенеуніктердің алды өз еркімен мемлекеттік қызметтен кете бастады. Тіпті өздерінің жұмысын сынға алған олар құр жиын өткізуден басқа айтарлықтай ештеңе тындырған жоқпыз деп отыр. Сарапшылар болса, таратылған министр мен әкімдердің кемшілігін атап, жаңадан жасақталатын Үкіметтің қандай болуы керектігін айтып берді.
Автор: Досжан Маратұлы
22.02.2019
Үкіметтің таратылғаны сол еді, Есілдің сол жағалауындағы саяси өмір саябырсып қалғандай. Мәселен, бүгін Үкімет үйінде Қоғамдық даму министрі ақпарат құралдарының өкілдерімен жиын өткізуі керек болған. Бірақ, жоспарланған барлық шара өтпейтін болды.
Өзге министрлер мен облыс әкімдері де алдағы өзгерісті күтіп, үнсіз жатыр. Отставкаға жіберілгелі барлығында «уақытша қызметін атқарушы» деген тіркес бар. Экс-премьер Бақытжан Сағынтаевтың бірінші орынбасары болған Асқар Мәминге де Үкімет басшысының қызметі уақытша жүктелгені белгілі. Бірақ тағайындауларды күтпей, орынтағын өз еркімен босатқысы келетін шенеуніктер бар. Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін уақытша атқарушы - солардың бірі. Мемлекеттік қызметке бір жыл бұрын келген Арман Евниев пайдасыз, бос жиындардан шаршадым дейді. Тіпті, осы уақыт аралығында айтарлықтай түк тындырмадым деген ол енді менеджментпен айналысуды жоспарлап отыр.
Арман Евниев, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрінің міндетін атқарушы:
- Оны мен шетінен емес, әлгі анда-санда жиналыстардың арасында істемей, ана жерде отырып екі қолмен істеймін. Мені әкем солай тәрбиелеген. Істі бастадың ба? Оны екі қолыңмен істе. Онда істей алмасаң істемей-ақ қой. Таста онда дейтін.
Сарапшылар да таратылған министрлер кабинетінің кемшілігі осы дейді. Екі жарым жыл бойы нақты істен гөрі, құр жиындарды өткізумен шектелген. Елбасы да өзінің соңғы жолдауында күлтөбенің басында күнде жиналыс өткізетін шенеуніктерді қатты сынға алған еді.
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
- Үкіметке Елбасыдан бірталай құзірет берілген. Соның бәрін дұрыс қолданса, олардың қолынан бірдеңе келер еді. Бірақ олар президент Ақордадан не айтады соны күтіп отырды. Өздері ешқандай бастама көтермеді. Алдына қарап, мысалы осындай проблемалар болып қалуы мүмкін деп зерттеген жоқ.
Сарапшы Үкіметке әлдеқашан көп балалы аналардың жағдайын жасап, өздеріне қарата айтылған сыннан сақтануға болар еді дейді. Жалпы, саясаттанушылар енді жаңа үкіметтің мұндай қателіктерді жібермеуі керектігін айтады. Ол үшін министр мен әкімдер ең алдымен әлеуметтік салаға, яғни халықтың тұрмыс жағдайын арттыру мақсатында жұмыс істеуі керек. Сондықтан жаңадан жасақталатын атқарушы билікке артылар үміт те, жауапкершілік те көп.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!