Оскар кешіне көйлек киіп келген ер адам күллі әлемді шалқасынан түсірді
Америкалық актер осылайша жүлде алмай-ақ, төрткүл дүниеге танымал боп шыға келді.
Автор: Аруна Ортай
25.02.2019
Көйлек киіп келген актерді көргендердің бәрі тосылып қалған. Билли Портер онысы былай тұрсын жігітті қолтықтап суретке түскен. Осылайша, оның Оскар жүлдегерлерінен бұрын күллі әлемге аты шықты. Ал тер төгіп танылған актерлардың көшін Рами Малека бастады. Киносыншылар оған атақты әнші Фредди Меркьюридің рөлін сомдағаны үшін Оскар сыйлығын берді. Ал осы жылдың ең үздік кинокартинасы боп «Жасыл кітап» фильмі танылды. Онда АҚШ-тағы қара нәсілділерді адам құрлы санамайтын кез ашық көрсетілген. Ұлттың жарасы сыншылардың да жүрегіне батса керек. Тек картина ғана емес, басты рөлдердің бірін сомдаған Махершала Әли де Оскар алды. Ал ең мықты актриса атағына Лэди Гаганың өзі ұсынылған еді. Алайда, оның алдын 45 жастағы Оливиа Колман орап әкетті. Әдетте, бұл номинациядағы жүлде үзіліп тұрған жас актрисаларға берілетін. Колман Леонардо ди Каприо секілді талай мәрте Оскарға ұсынылыпты. Алайда жолы болмай, тек қырықтан асқанда алып отыр. Сондықтан болар, актриса өз атын ести сала, көз жасына ерік берді.
Оливиа Колман, «Оскар» иегері:
- Егер мен қазір айтатын сөзімді ұмытып қалсам, кешірім сұраймын. Мені киноға түсуге шақырған режиссеріма шексіз алғысымды айтқым келеді. Мен бұл сыйлықты ұзақ күттім. Енді міне, ғажайып десе де болады. Мен оны өз қолыммен ұстап тұрмын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!