Семейде мүгедек балалардың ата-аналары наразылық білдірді
Олар жергілікті биліктен оңалту орталығын кеңейтуді талап етіп отыр. Өйткені, нысан көпқабатты баспананың бірінші қабатынан ашылғандықтан ол 35 баланың өзіне тарлық етуде. Енді айтуларынша, соның кесірінен, балалар мұнда екі жылдан артық уақытқа қалалмайтын болған. Ал, оны ұлғайтуды шенеуніктер жылдан-жылға созып құрғақ уәдемен қарық қылды, дейді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
25.02.2019
Бұл мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы. Қазір мұнда, 35 бала бар. Соның бірі - 11 жастағы Әнуарбек. Оған аутизм диагнозы қойылған екен. Анасының айтуынша, бала орталыққа келгеннен бері өзін ширақ сезініп, өзгелермен де қарым-қатынасқа түсе бастаған. Әйтсе де, ол бұнда екі жылдан артық уақытқа қала алмайды. Өйткені орталық тым тар.
Жанар Жеңісова, Әнуарбектің анасы:
- Көп балалар аурып қалады. Коньюктивит болып жатады. Қосымша, тұмау бар. Себебі, балалардың бөлмесі бар болғандықтан ауасы да тар ғой.
Бүгінде балалардың денсаулығын оңалтуға арналған құрылғылар қолданылмай қаңтарылып бос тұр. Себебі, мекеме ішіндегі тар бөлмеге зат тұрмақ, 10 бала әрең сыйады. Сондықтан мамандардың өзі, олармен жұмысты жеке-жеке жүргізуге мәжбүр.
Орталықтың тамақ дайындайтын асханасы да жоқ. Сондықтан балаларға ауқат сырттан әкелініп, оны шағын бөлмеде ішіп отыр. Ал, дүрліккен ата-аналар мен мамандар бұл мәселені көтеріп талай табалдырық тоздырған екен. Дегенмен, шенеуніктер ұлғайтуды әзір бастамайтындай. Олардың сөзіне сенсек, аналар айқайына негіз жоқтай көрінеді.
Азамат Құрманғалиев, Семей қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:
- Егерде үнемі оңалту шаралары керек болса, ол жергілікті жердің денсаулық сақтау мекемесінде ұйымдастырылады. Ал, енді жоспарлы түрде стационарлық жағдайда 10-20 күн жатып жүргізіледі. Мұндай жылына бір немесе екі рет болуы мүмкін. Ол жолақысымен келісе отырып басқа қалаларда көрсетіледі.
Осылайша, мамандар оңалту орталығының құрлысын жүргізбес бұрын, оның тиімді-тиімсізді саралануы керек дейді. Ал, егер тиімді жағдайда оны инвестор арқылы жүзеге асырмақ ниетте. Бірақ, оның нақты қашан іске асатыны нақты айтылмады. Сондықтан ата-аналарға кең ғимаратты күтуден басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!