Алматы облысында тұрғындар балаларын мектепке жіберуден қорқып отыр
Балаларымызды мектепке жіберуге қорқамыз. Алматы облысындағы Сауыншы ауылының тұрғындары осылай дабыл қақты. Шағымданушылардың айтуынша, көрші Еңбекші ауылына қатынап оқитын 130-ға жуық оқушының басына қатер төніп тұр. Себебі, күніне екі-ақ рет жүретін 16 орындық автобусқа 60 оқушыдан тиеліп алады екен. Қауіпсіздік ережесін пысқырмайтын әкімдіктің кесірінен балаларымыз опат бола ма деп қауіптенгендер, ауылдан мектеп ашып беруін талап етуде....
Автор: Мақсат Мәлік
25.02.2019
span>
Көзбояушылыққа күйінген Сауыншы ауылының тұрғындары әдетте 16 орындық шағын автобусқа 60 оқушы таласа-тармаса мінетінін айтады. Бірақ, мектеп басшылығы мен ақ жағалылардың тілшілерден жасырған әрекеті абайсызда әшкере болды.
- «КТК» келе жатыр, бол-бол деп шақырып алды. Содан кейін келдім. Негізінде қанша бала тиеп алып кетесіз? Таңертең 50 алып кетемін, түстен кейін 60 бала алып кетемін.
- Сіз білесіз бе қауіпті екен?
- Иә, білемін.
Тұрғындар 150-ден астам отбасы бар ауылда мектеп жоқтықтың кесірінен көрген күніміз осы дейді. Себебі, Сауыншыдағы 130-ға жуық оқушы көрші Еңбекші ауылында білім алуға мәжбүр. Алайда, күніне екі-ақ рет қатынайтын тозығы жеткен көлікке баламызды мінгізуге қорқамыз дейді шағымданушылар.
Сағима Қадырбаева, Сауыншы ауылының тұрғыны:
- Алпыс баланы алып кетеді шопырымыз. Алпыс бала 16 орынға отырады. Отырғаны отырады. Бір аяқпен болса да ептеп барады. Төрт жылдық мектеп салып береміз деді екі жыл бұрын. Ол да жоқ, мектептің жері де жоқ.
Ләззат Оспанова, Сауыншы ауылының тұрғыны:
- 3-4 жылдан бері қарай қаншама хат жаздық. Аудан әкіміне, бәріне жіберілді. Бізге көмек сұрақ. Әлі ешқандай проблема шешілген жоқ.
Арызданушылардың жанайқайын тыңдаған жергілікті әкімдіктегілер елді-мекенге ауыл мәртебесі берілмегендіктен қолымыз қысқа деп ақталғаннан басқа жауап қата алмады.
Қайрат Омаров, Әйтей ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- 42 үй ғана нақты заңдастырылған. Сондықтан балалар санын көбейтіп бере алмаймыз. Көп балалар тіркеуде жоқ. Біз тендер ойнатамыз мемлекеттік сатып алу бойынша. Шалғай жердегі оқушыларды тасымалдау үшін. Ақша бөлінетін қаражат сомасы аз болғандықтан бұл жерге ешкім қатысқысы келмейді.
Осылайша сыныққа сылтау іздеген әкімдіктегілер қауіпсіздік ережесін ұмыт қалдырып, балалардың басын қатерге тігетіндерін қаперлеріне ілмейтін секілді. Өйткені, тұрғындар оқушыларға лық толатын автобус соңғы кездері жиі апатқа ұшырайтынын айтады. Ал, 4 жылдық мектеп салу мәселесі кейінге шегерілген.
Жолға қарап алаңдаған ата-аналар баласының аман-есен жеткеніне қуанса, енді бірі мектепке үреймен шығарып салады. Ал, шулаған жұртқа басу айтқан жергілікті əкімдік өкілдері наурыз айынан бастап оқушыларды тасымалдауға 32 орындық автобус бөлінетінін айтады. Алайда, атқамінерлердің құрғақ уəдесінен шаршағандар облыс əкіміне шағымданбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!