Атырауда балықтардың өлексесі тағы шыға бастады
Атырауда қала маңындағы Перетаска өзегінен балықтардың өлексесі тағы да шыға бастады. Өткен аптада өңірде күн райының жылып кетуіне байланысты, өзектегі мұз ери бастаған болатын. Ал, мамандар болса, бұлардың өткен жылдан жиналмай қалған қалдықтар екенін айтып отыр.
Автор: Жанар Низамутдинова
25.02.2019
Артур Сәдібекұлы, Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Балықтардан сараптама алынып, зертханаға жіберілді. Енді өздеріңіз байқап тұрғандай, мұздың шеттерінен ішінара-ішінара байқалады, судың ортасында шалажансар, немесе тұтас тақырыптар анықталып тұрған жоқ. Енді осы ретте біз жаңа айтқандай, сынамаларын алып, жедел іс-әрекет жасадық. Енді мұндай өлген балықтар, ішінара қатып қалған балықтар Жайықтан да байқалады.
Салааралық комиссия мүшелері кешелі бері жағадан 30 келідей табан, айнамкөз, мөңке секілді қара балықтарды теріп алыпты. Ал, өзектің орта жағына бару әзірге қауіпті көрінеді. Айта кетейік, Перетаска деп аталатын мына өзекте өткен жылы ұсақ балықтар қырылып қалған болатын. Су маржандарының сол кезде барлығының басы жұлынған, қабыршақтары зақымданғаны анықталған еді. Өзекке жауапты «Атырау жылу электр орталығының» мамандары сол кезде 1 тоннадан астам өлі балық жинап алған еді. Осы оқиғаға байланысты қазір қылмыстық іс қозғалып, тергелуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!