Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды
Асқар Мәмин қызметіне кірісе сала Үкіметтің жаңа құрамын жасақтады. Енді Әлихан Смайылов Қаржы министрі ғана емес, премьердің бірінші орынбасары. Ал Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысынан кетіп, Астанадан жаңа қызмет тапты. Білім және ғылым министрі де ауысқан.
Автор: Ербол Тұрымбет
25.02.2019
Иә, Үкіметтің жаңа құрамы бүгін түс қайта бекітілді. Осы күнге дейін міндетін ғана атқарып келгендер бүгіннен бастап жаңа қызметтеріне кірісе бастады. Біреулері бұрынғы креслосына қайта жайғасса, біреулер жаңа қызмет тауып жатыр. Енді осыларды тізімдей айтайық. Президент Үкімет басшылығына Асқар Мәминді ұсынды. Мәжіліс көп созған жоқ.
Министрлердің қатарында қызметі қарқындап өскен Әлихан Смайылов болды. Қаржы министрінің Үкіметтегі орны қандай екенін жуырдағы кеңейтілген отырыста Елбасы көрсетіп берген еді. Сол әсер етті ме, Қаржы министрі болғалы бес-ақ ай өткен ол енді Үкімет басшысының бірінші орынбасары қызметін қатар алып жүреді.
Сағынтаевта бұрын төрт орынбасар болса, Маминде үшеу. Смайыловтан бөлек, Гүлшара Әбдіхалықова мен Жеңіс Қасымбек Мәминге орынбасар болды. Ал Сағынтаевтың тағы бір орынбасары болған Ерболат Досаев енді Ұлттық банкті басқарады. Еліміздің бас қаржы ұйымын экономиканың негізгі донорына айналдыру керек. Досаевтың негізгі шаруасы осы болмақ.
Ербол Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Бизнеске берілетін несиенің үстеме пайызын төмендетіп, 5-7 пайыз деңгейінен асырмауымыз керек. Мысал үшін Президент тапсырмасы бойынша экономиканы қаржыландыруға бөлінген 600 миллиард теңгені айтсақ болады. Бұл мәселелерді Үкіметпен бірлесіп шешеміз.
Ендеше Президент тапсырмасымен құрылған көпбалалы отбасыларға қолдауды күшейту жөніндегі жұмыс тобы да осы Гүлшара Әбдіхалықованың мойнында деген сөз. Бұдан былай Үкімет жиындарынан Тимур Сүлейменов, Мәдина Әбілқасымова, Ерлан Сағадиев, Өмірзақ Шөкеев пен Дархан Қалетаевты көрмейміз.
Есесіне, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. Оған енді бала туғанда берілетін әлеуметтік төлемдерді түгел жаттауға тура келеді. Ал Сүлейменовтің орнына орынбасары Руслан Дәленов Ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. Жеңіс Қасымбектің де орнын орынбасары Роман Скляр иемденді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі өткен аптада, тура Үкімет отставкаға кетер күні Асқар Мәминнен шенеуніктердің көңілін отандық көліктерге аудара алмағаны үшін сөз естіген болатын. Бағы бар екен. Ал Назарбаев зияткерлік мектептерінің басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова енді Білім және ғылым минстрі. Осыған дейін осы министрлікте екі рет орынбасар болып үлгерген ол ақыры министрдің креслосына да жетті.
Бүгінге дейін Мәжіліс депутаты болып келген Сапархан Омаров Ауыл шаруашылығы министрі болды. Бұрын да бір рет осы жерде министрдің орынбасары болып кеткен. Тағайындаулардан бөлек, елімізде жаңа министрлік пайда болды. Үкіметтегі 16 министрліктің біреуі қысқарып, Қоғамдық даму министрлігінің бүкіл қызметі Дәурен Абаевтың қарамағына өтті. Олар енді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі деп аталады. Сонымен, Үкімет құрамындағы 18 адамның жартысы орын ауыстырған немесе жаңадан келгендер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!