Тараздағы жарылыс: Оқиға куәгерлері адамдарды үйінді астынан қалай алып шыққандарын айтты
Таразда көпқабатты үйде жарылыс болды. Апат салдарынан үш адам қаза тауып, түрлі жарақат алған алты тұрғын ауруханаға жеткізқілді. Оның екеуінің хәлі ауыр, бір балаға ота жасалды. Болжам бойынша жарылыс газ құбырындағы ақаудан болған. Оқыс жағдайға қатысты үкіметтің арнайы комиссиясы құрылып, оқиға орнында тексеру жүргізілуде.
Автор: Руслан Әбдіхалық
27.02.2019
Оқыс оқиға таңғы алтылар шамасында болған. Қатты дүмпуден бес қабатты үйдің күлі көкке ұша жаздады. Шырт ұйқыда жатқан 200-ге жуық тұрғын жойқын дауыстан далаға қашып шыққан.
- 9-шы ауданда жаралыс! Масқара.
Жарылыстың қатты болғанын мына көріністен аңғаруға болады. Бір подьездегі бірден үшінші қабатқа дейінгі үш пәтер бомба түскендей жермен-жексен болып жатыр. Тіпті дүмпуден бетондар мен терезе торлары ұшып қарсы беттегі үйлерді зақымдаған. Ал мына қирандылардың арасынан 9 адам шыққан. Оның үшеуі үйінді астында қалып жазым болды.
Аңсар Дәулетов, оқиға куәгері :
- Жарылыс қатты болды. Шошып оянып кеттік. Үш бала болып кірдік. Бетон адамды басып қалған ғой. Бетонды көтеріп, әйелді шығардық. Одан кейін еркек адамды шығардық. Ер адам сол жерде қайтыс болып кеткен.
Түрлі жарақат алған алты тұрғын ауруханаға жеткізілген. Оның екеуінің жағдайы ауыр. Денесінің 50 пайызы күйген 64 жастағы ер адам күйік бөлімінде жатса, 14 жастағы жасөспірімінің басына қатты зақым келген.
Азат Сәтжанов, Жамбыл облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- 15 жастағы бала келіп түсті. Бала ауыр жағдайда. Ашық бас ми жарақаты бар. Балаға консилиум жасалып, қазіргі таңда ота жүргізіліп жатыр.
Мына көрініс жарылыстың қаншалықты жойқын болғанын көрсетеді. 70 жыл бұрын салынған 90 пәтерлі көпқабатты үйдің 15 пәтеріне зақым келген. Оның алтауы тұруға мүлдем жарамсыз. Себебі, ғимараттың негізгі қабырғалары бүлінген. Нысанды қалпына келтіру жайы да оңай болмайтын тәрізді.
Болжам бойынша жарылыс екінші қабаттағы пәтердің бірінде болған. Оған газ құбырындағы ақау себеп. Қазір бұл оқиғаның жай-жапсарын мамандар анықтап жатыр. Ал төтенше жағдайға қатысты арнайы үкіметтік комиссия құрылып, жапа шеккендердің жайымен танысуға премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің өзі келді.
Жеңіс Қасымбек, Премьер-министрдің орынбасары:
- Көмек көрсетіледі. Басқа кісілерге тұратын жер беріледі. Кешке дейін бәрі орналастырылады. Кісілердің көбі туыстартына кетті. Басқалары дайын үй бар сонда баратын болады.
Қазір арнайы штаб құрылып, жапа шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр.100-ден аса адам уақытша жақын маңдағы мектепге жайғастырылған. Әзірге келтірілген шығын көлемі белгісіз. Ал оқыс жағдайдан бір әйел мен екі ер азамат қаза тапқан. Облыстық бюджеттен марқұмдардың отбасына 1 млн. теңгеден қаржылай көмек беріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!