Алматы облысында сәбиі ауруханада шетінеген ана дәрігерлерді айыптайды
Айтуынша, дене қызуымен түскен 5 айлық нәрестеге дер кезінде көмек көрсете алмай, қолдан өлтіріп алған. Одан бөлек, түн ортасында шақыртылған жедел-жәрдем де кеш жеткен көрінеді. Онысымен қоймай, ауруханаларды аралап, уақытты создырып алған екен.
Автор: Аруна Ортай
01.03.2019
Ақиқат іздеген ана бүгін тағы ақ халаттылардың алдына келді. Айнұр Сыбанбекованың айтуынша, небәрі 5 айлық шақалағының түн ортасында дене қызуы көтеріліп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Алайда, ауруханада аппарат жетіспей, көмекті бір сағатқа жуық күтуге тура келді - дейді.
Айнұр Сыбанбекова:
- Аппарат болмады бұл жерде. Одан кейін бала мен қыздың ортасын ауыстырды. Аппаратта жылап жатқан баланы менің қызымның керуетіне жатқызды да, менің қызымды таңғы бесте ана жерге ауыстырды, түсінесіз ба? Сосын маған айтады, «құдай бергенді құдай алады» деп. Сондай сөз болады ма?
Осылайша, дене қызуымен түскен бала бар-жоғы үш сағаттың ішінде шетінеп кеткен. Ал нәресте міне мына төсекте жатыпты. Анасының айтуынша, нақ осы төсекте аппарат болмаған. Бірақ, қазір құрал-жабдығы түгел тұр. Ал дәрігерлер болса, балаға дер кезінде көмек көрсетпеді деген ананың сөзін теріске шығарып отыр. Айтуларынша, сәби аса ауыр жағдайда түскен. Сондықтан да, оны құтқару мүмкін болмапты.
Қайрат Мұсаханов, Шелек ауылы орталық ауруханасының бас дәрігері:
- Мәселе бұл жерде аппаратта емес,бала ауыр жағдайда түсіп отыр. Бұл жерде бүкіл күштің бәрі сол жерге жұмсалды. Алдын ала қойған диагноз мидың ісінуі. Қанттың өте төмен болғандығынан болуы мүмкін. Немесе инсульттың кесірінен.
Анасының айтуынша, жедел-жәрдем де шақыртуға тым кеш жеткен. Одан қалды, ауылдағы ауруханаларды аралап, уақытты создырып алыпты. Көкейді тескен сан сауалға қара жамылған ана сол күйі жауап ала алмай кетті. 5 айлық Әминаны Бақпаевтар отбасы бес жыл күткен екен. Енді отбасының қолында шақалақты иісі сіңген киімдер ғана қалды.
Ерсін Бақпаев:
- Адамның өмірі ойыншық емес қой, бұл сәби. Жаңадан шыр етіп дүниеге келген бала. Жауапкершіліктен сытылып кетеді деп ойлаймыз. Осының ақиқатын ашып берсін бізге. Біздің бала ғана емес қой, келешекте мұндай жағдай қанша қайталануы мүмкін.
Қарындасының шетінеп кеткенін жас отбасы 6 жастағы ағасына да айтпаған. Көз қуанышынан айырылған ерлі-зайыптылар енді ғана жаңа үйге көшкен екен. Осында қыз-ұл өсіріп, бақытты отбасы болуды армандаған. Осы арманымызды тас-талқан етті деп дәрігерлерді сотқа бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!