Ресей азаматына тұрмысқа шыққан келіншек ұлын көре алмай отыр
Алматылық Дана Әмеева 2 жасар ұлын көруге зар болып отыр. 38 жастағы келіншек былтыр жолдасымен заңды түрде ажырасқан. Шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан отандасымыздың жалғыз тілегі - туған перзентін елге қайтару. Сол үшін көз жасын төгіп, полиция, Сыртқы істер министрлігі мен прокуратураға барыпты. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Бұрынғы күйеуі Геннадий Кругляк Қазақстан мен Ресей Федерациясының заңын белінен басып, қашып жүр.
Автор: Әсем Қабылбек
04.03.2019
Алматылық Дана Әмеева біраз уақыттан бері ұлының жүзін көрмеген. «Баласы ауырып қалмады ма, аш па, тоқ па» ана жүрегіндегі сансыз сауалға жауап жоқ. Әзірге, жалғыз жұбанышы перзентінің суреті. 38 жастағы келіншек Ресей азаматымен тұрмыс құрған. Ол жолдасының үнемі ұрып-соққанын айтады. Былтыр екеуі заңды түрде ажырасыпты. Бұрынғы күйеуі Геннадий Кругляк 2 жасар бүлдіршінді серуенге алып шығып, ғайып болған.
Дана Әмеева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Калининградта өткен соттың шешімі бойынша Арсений менімен қалуы тиіс. Бірақ, Арсенийдің әкесі Геннадий менің атымнан жалған рұқсат қағазын жасап, балаға Шенген визасын рәсімдеген. Содан бері хабарсыз. Менен баланы жасырып, тығылып жүр.
Анасының өтініші бойынша Алматыдағы Әуезов аудандық соты да кәмелет жасына толмаған бүлдіршіннің тағдырына араша түсіпті. Яғни, Дананың қолында «бала анасының қамқорлығында қалсын» деген сот шешімі бар. Бірақ оның орындалуы екіталай.
Дана Әмеева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Соңғы рет Калининград прокуратурасының хат алдым. Менің арызым бойынша, күйеуім тұратын мекен-жайды анықтапты. Осыны ести сала ұшып бардым. Балалар ойнайтын алаңда ұлым жүр екен. Бірақ Геннадий оған жолатпай қойды. Мені елдің көзінше тағы сабады.
Арсенийдің әкесі қос елдің де заңын елер емес. Анасының келісімінсіз кішкентай баланың азаматтығын ауыстырмақшы. Тығырыққа тірелген Дана Әмееваның ендігі үміті дипломаттарда.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
- Біздің дипломаттар жергілікті ресейлік сот органдарына, құқық қорғау органдарына бірнеше өтініш, хат жазып сол істі шешуге талап еткенбіз. Әкесі қолындағы құжатын көрсетеді. Өйткені кішкентай баланы Қазақстанның азаматтығынан Ресей Федарциясының азаматтығына ауысуға арыз беріпті. Бізде сұрақ туындайды. Ол қалай РФ азаматтығын алады егер Қазақстан азаматығынан айырылмаса? Сондықтан бұл мәселе біздің ерекше бақылауымызда. Міндетті түрде көмектесуге тырысамыз.
Дана ана мен баланың құқығын бұзған Ресей азаматынан «Қайтсем де ұлымды тартып аламын» дейді. Ал тағдыры ханталапайға түскен кішкентай Арсений түбінде кіммен қалады? Ол жағы әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!