{metadescription}
Қарағандыда мүгедектердің күтіміне бөлінген миллиондар талан-таражға түскен
Қарағандыда мүгедектердің күтіміне бөлінген миллиондар талан-таражға түскен

Қарағандыда мүгедектердің күтіміне бөлінген миллиондар талан-таражға түскен

Бұл жөнінде қалалық еңбекпен қамту бөліміне тексеріс жүргізген прокуратура мәлімдеп отыр. Оларға жергілікті биліктен мемлекеттік тапсырыс алатын қоғамдық бірлестік мүгедектерге күтім жасадық деген жалған есеп беріп келген. Тергеу басталып, бюджет қаражатын жымқыруда ым-жымы бір болды деген күдікпен бірқатар шенеуніктер де шатылып жатыр. 

Бірінші топтағы мүгедек Жәнібек Байтоқов жеке көмекшіге зәру. Көзі көрмегесін қажет жеріне соның жеңінен ұстап барады. Ал 2017 жылдан бастап мемлекет пен мүгедектің арасындағы делдал ұйым мұны демалыс және мереке күндері көмекшіден қаққан.

Жәнібек Байтоқов, бірінші топтағы мүгедек:

- Ол келісімге жұмыс күндері деген түсінік енгізген. Демек,ол қаладағы 1 жарым мың мүгедекке күнделікті көмек көрсетем деп 700 миллион теңге бюджет ақшасын алады. Мереке және демалыс күндері үшін көмекшіге ақша төлемейді. Онымен қоса бюджеттен алған жалпы 8 пайызын ұйымның жұмысына деп қалтасына басып отырған

Мәселен 700 милион теңгенің 8 пайызы 56 миллион теңге. Мемлекет ақшасын көмекшілердің шотына аударып қана отырған ұйым үшін аз табыс емес. Оның үстіне 1 жарым мың мүгедекке көмек көрсететін осынша адамның демалыс және мереке күндері көрмеген ақысын қосамыз. 1559 адамның 120 күндік жалақысы бұл. Ал еңбекпен қамту бөлімі бюджет қаржысын еш байқау ұйымдастырусыз-ақ жалғыз осы делдалға беріп отырған. Прокуратура тексерісінен кейін, биылдан бастап көмекшілердің еңбегін тікелей өздері төлейтін бола қалған.     

Бақытнұр Тәліпова, Қарағанды қалалық еңбекпен қамту бөлімі бастығының орынбасары:

- Мемлекеттік емес ұйымдарға ереже бойынша беруге болмайды. Осы ұйымдар арқылы қызмет көрсетіліп келді. Қазір шағым түскеннен кейін бізге прокуратура ұйғарым берді ғой. Бұл қызметті көрсете аласыңдар, дегеннен кейін, біз қолымызға алдық.

Осы даудың ортасында қалған «Лайықты өмір» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Ивкиннің айтуынша, ол өңірдегі мүгедектердің өмірін жақсарту үшін аз еңбек сіңірмепті. Прокуратура былықты әшкерелегенше, Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі болған. Қоғам белсендісі өзін сүттен ақ, судан тазамын деп отыр. Тіпті прокуратурамен де соттасуға әзір екен. 

Александр Ивкин, «Лайықты өмір» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Мен өзіме тағылып отырған айыптаулармен келіспеймін. Жалпы сомадан ұсталған ақша ұйымның өмір сүруі үшін қажет. Біз кеңсе жалдамаймыз ба, коммуналдық қызмет ақысын төлемейміз бе? Менің және есепшімнің жалақысы бар. Ал демалыс және мереке күндері көмекшілерге ақы төлемегенім рас. Ол келісімде көрсетілген.

Мүгедектерге «Лайықты өмір» сыйлайтын бірлестік төрағасы, бәсекелестердің аяқтан шалуы мүмкін екенін де айтады. Өйткені ол неше жыл бойы бюджет ақшасын жалғыз өзі емін-еркін игеріп келген.

Ал жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемдену бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Онда бірлестік төрағасымен қатар біраз шенеунік те шатылып жатыр екен. Жалпы осы жыл Қарағанды үшін мүгедекті мұңайтқан пысықтарды анықтаудан басталған сияқты. Өйткені жақында ғана облыс әкімінің бұрынғы орынбасары қамауға алынды. Әлеуметтік салаға жауапты болған Жандос Әбішев мүгедектердің арбасына бөлінген қаржыға қол салды деп айтыпталып отыр. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.