Қарағандыда сурдоаудармашылар жұмыссыз қалды
Қарағандыда есту және сөйлеу мүмкіндігі шектеулі мүгедектер сурдоаурмашының көмегінен қағылды. Себебі қалалық еңбекпен қамту бөлімі сурдоаудармашыларға бюджет ақшасының бөлінуін тежеп отыр екен. Олар жарияланған екі тендер де түрлі себептермен өтпей, енді үшінші тендерді күтіп жүргендерін айтады. Салдарынан 350-дей мүгедек жан жыл басынан бері дені сау жұртқа ойын жеткізуден қалып отыр.
Автор: Саят Сабдалы
05.03.2019
Көргендері болмаса, айналасындағыларды естімейтін жарымжан жандар, жанайқайларын саусақтарымен жеткізуге тырысады. Бірақ сурдоаудармашысыз олардың сөзін ұғып тұрған шенді жоқ. Мүгедектер жыл басынан бері аурухана, әкімдік, қала берді банк сияқты ұйымдарда өзін түсінетін жан таппай тауы шығылып жүр. Себебі еңбекпен қамту бөлімі жыл басында өтіуі тиіс тендерді сағызша созып, аудармашыларды жұмыссыз қалдырған.
Альбина Ахатова сурдоаудармашы:
- Біз осы сөйлемейтін адамдарға сурдоаударманы жасамаймыз. Жұмыс істегіміз келіп тұр, бірақ бізде келісім жоқ ешкіммен. Жылда қайталанады.
Мамандардың айтуынша, қаңтар айында сурдоаударма қызметін көрсететін қоғамдық ұйымдар арасында екі мәрте тендер өткізілген. Алайда құжатта шикілік кеткендіктен, ол заңсыз деп танылған. Үшінші тендердің қорытындысы тек наурыздың 20-да белгілі болмақ. Ал ол қаржы сурдоаудармашыларға жеткенше кемінде бір ай уақыт керек.
Бақытнұр Тәліпова Қарағанды қалалық еңбекпен қамту бөлімі бастығының орынбасары:
- Жеке келісім-шарт жасау арқылы шеше аламыз бұл проблеманы. Сондықтан бұл кісілерге айтып тұрғаным сол. Басқадай шешетін мүмкіндік жоқ. Өйткені ол ақша конкурсқа салынып қойған ақша.
Жауапты мекеме өкілдері әзірге сурдоаудармашылармен жеке келісімшартқа отыратын болды. Оның өзінде наурыз бойы мамандар тек аса мұқтаж жарымжан жандарға қызмет көрсетеді екен.
Бұл Қарағандыдағы еңбекпен қамту бөліміндегілердің жалғыз бас ауыруы емес. Жыл басынан бері мүгедектерді тасымалдау үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған такси қызметі де тоқтады. Өйткені осы уақытқа дейін бюджет ақшасын игеріп келген ұйым биыл тендерге қатысудан бас тартқан. Енді мекеме талапқа сай келетін тасымалдаушы таппайынша арбаға таңылған мүгедектер көлікпен жүріп тұруды ұмытады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!