Көпбалалы отбасылар жеке куәлігін ғана көрсетіп жәрдемақы алады
Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жалғыз төлқұжат жеткілікті. Бірінші шілдеден бастап тәртібі өзгеретін әлеуметтік жәрдемақылар төлеміне қатысты осындай жаңалық айтылды. Алайда отбасылық табыс мұқият есептеледі. Ол жанұядағы әр адамға шаққанда 20 мың 789 теңгеден аспау керек. Ешқандай әлеуметтік жәрдемақы алмайтын болса, жеңілдетілген несие қарастырылған.
Автор: Ербол Тұрымбет
05.03.2019
Президент тапсырмасымен енді шілденің 1-інен бастап әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі өзгереді. Отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс мөлшері 4834 теңгеден 20789 теңгеге дейін өсірілді. Ал атаулы әлеуметтік көмек алу үшін қап-қап құжат жинаудың керегі жоқ, жалғыз төлқұжат жеткілікті.
Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- 830 мың азаматқа, жәрдемақы берілетін болады. Ал басқа отбасылардың мәселесі жеке-жеке қаралатын болады. Бірінші орында, жұмыспен қамту.
Министр болғалы осы мәселеге бел шеше кірісіп кеткен Бердібек Мәшбекұлы арнайы жоспар құрып қойыпты. 4 перзенті бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы әр бала үшін 20800 теңге болады. Ал жағдайы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беретін кезде мына кірістер есепке алынбайды.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Мынау «Алтын алқа», «Күміс алқаға» ие болған аналардың да жәрдемақысы, мүгедек балаларға алатын жәмдемақы, одан кейін стипендия осы табыстан шегерілетін болады. Міндетті түрде тіркеуде болу керек. Зейнетақы туралы, ол есептелінеді.
Әйтсе де, Бердібек Сапарбаевтың жоспары бойынша, отбасылық табыс көлемі мұқият есептеледі. Азын-аулақ жалақысы, 2-3 сауын сиырының сүтін сатқаннан түскен пайда, ата-әжесінің зейнетақысына дейін отбасылық табыс деп саналады. Соның бәрін қосып, әрбір отбасы мүшесіне шаққанда 20789 теңгеден 1 теңге асып кетсе, онда әлеуметтік көмектен қағылады.
Енді министрлер мемлекет басшысының бастамасымен жасалған «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын елге түсіндіруге кіріспекші. Сол үшін келер аптада батыс өңірлерден бастап, алдағы екі ай ішінде бүкіл ел аумағын аралап шығуды көздеп отыр. Өздерінің айтуынша, олар жағдайы төмен отбасылармен жүзбе-жүз кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап қайтпақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!