Шымкентте дәрігерлер жүк тасушыға айналдық деп шағымданды
Шымкентте 200-ден астам травматолог мен реабилитолог-дәрігер жүк тасушыға айналдық деп шағымданды. Амбулаториялық хирургия мен жарақаттану бөлімшесін аяқ асты көшір деген денсаулық сақтау басқармасы, көшіп-қону үшін не көлік бермеген, не қаржы бөлмепті.
Автор: Бек Әбиев
05.03.2019
Шымкенттік травматологтардың дүрлігіп жатқанына осымен үшінші күн. 20 жылдан бері қаланың қақ ортасында отырған дәрігерлерге Денсаулық сақтау басқармасы №1 қалалық ауруханаға өтетінін айтып, ғимаратты босату керектігін ескерткен. Тек көшіруге жағдай жасалуы қажеттігіі шенеуніктердің есінен шығып кеткен секілді.
Гүлмира Қабыланова, мейірбике:
- Келсек көлік жоқ. Өздерің жалдаңдар деп қарап отыр. Содан ақша жинап жатырмыз. Мың теңгеден медбикелер, ал дәрігерлер 2 мыңнан шығарып жатыр.
Ғимарат ауласына жүк таситын көліктер толып, ал дәрігерлер жүк тасушыға айналды. Біреу өзінің көлігімен, біреуі танысын шақырып әлек. Дәрігерлер дүрлігіп жатса, пациенттер кімге шағымданарын білмей тұралады. Мәселен, ұлын ит қауып алған Мөлдір Жұманованың дәлізде тұрғанына бір сағаттан асыпты.
Мөлдір Жұманова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Бұл жаққа келсек бәрі көшіп жатыр. Радугаға барасың дейді. Ал азанға дейін денесіне у тарап кетсе не болады?
Амбулаториялық хирургия мен травматология орталығын қаланың өзге бөлігіндегі екі ғимаратқа бөліп көшіру ұйғарылыпты. Тек ол ғиамарттардың жағдайы да мәз емес. Жылу батареялары кірпішпен тірелген, электр сымдары алқам-салқам, ал қабырғалары қақырап тұр. Қала ортасындағы үйреншікті ғимаратынан көшуге мәжбүр дәрігерлер бұл ғимаратты да ұнатпайды. Тек камерадан қашқан бөлімше басшылығы жабық есіктің ар жағында дәрігерлердің тиын-тебен жинап жатқанын айтпауды өтініп әлек. Кіші басшылар камерадан қашса, денсаулық сақтау басқармасының басшылары бұдан мүлдем бейхабармыз дегенді айтады.
Темірхан Варзилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Көшіру туралы қаңтардың басынан бері ескертіп келеміз. Ал оны жүзеге асыруды №-1-ші және 3-ші аурухананың бас дәрігерлері ұйымдастыру керек-тұғын. Дәрігерлер өздері ақша жинап көшкені туралы сіздерден естіп отырмын. Мәселені анықтаймыз.
Басшылардың сөзінше дәрігерлер сөзі дәлелін тапса ақша түгелімен қайтарылатын болады. Бұған бас-көз болмаған жауапты қызметкерлер де қатаң жазаланады деп сендірді. Сондықтан, денсаулық сақтау басқармасы 210 қызметкердің қанша қаржы жұмсағандарына сұрау салмақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!