Шелектегі қайғылы оқиға бойынша бар айып қойма меңгерушісіне тағылған
Алматы облысындағы Шелек ауылында кәріз құдығына түсіп, қаза тапқан үш адамның өлімі бойынша іс сотқа жіберілді. Атышулы істе күдікті деп танылған қойма меңгерушісі Аркен Ұшыровтың өзі кінәсізбін деп отыр. Айыпталушының айтуынша, техникалық қауіпсіздікке тікелей жауапты аурухана директоры мен оның орынбасары екен. Ал аталған істе бар айып Ұшыровтың бір өзіне ғана тағылған.
Автор: Аруна Ортай
05.03.2019
Әріптестерінің ажалы үшін жауапқа тартылғалы жатқан Аркен Ұшыров әділдік сұрап Алматыға келді. Оның айтуынша, аурухана басшыларының балалары шетінен дөкей боп шығып, қойма меңгерушісін жауапқа тартудан басқа амал қалмапты. Осылай деп тергеушілердің өздері айтқан көрінеді.
Аркен Ұшыров:
- Ұзақов мені жұмыс істетпей жатыр деді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура қысым көрсетіп жатқанын айтты. Сондықтан істі тездетіп жабуы керек екен. Желеуовтың баласы прокуратурада істейді деді. Сені кінәлі ету керек деді ғой қысқасы. Басқаларының «көкелері» бар.
Үш адамның өлімін әділетсіз мойныма ілді деген Ұшыров өзінің кінәсіздігін дәлелдейтін құжатты да көрсетті. Бұл - бұған дейін тек тергеуге ғана мәлім боп келген техникалық қауіпсіздікке жауаптылардың тізімі. Қағазда лауазымды тұлғалар бұйрықпен таныстым деп қол да қойған.
Айман Омарова, адвокат:
- Бұйрық бойынша Әмірова техникалық қауіпсіздікке жауапты. Ал бұл кісі өрт қауіпсіздігіне жауапты. Желеуовтің қолы бар. Желеуовтың өзі қарауы керек еді. Жәбірленушілерді айдақтатып отыр.
Құжатта Ұшыров өрт қауіпсіздігіне ғана жауапты делінген. Қайғылы оқиға болған күні жұмыс бабымен Алматыда жүріпті. Шілде айында Шелек ауруханасының аумағындағы құдықты тазалуға түскен екі сантехник естерінен танып қалады. Оларды құтқарғысы келген дәрігер-травматолог Мергенбаев та соның ішінде ажал құшты. Негізі, техникалық талап бойынша, кәріз құдығын арнайы мамандар тазалауы керек екен. Айта кетейік, Шелектегі ауруханада техникалық қауіпсіздіктің мүлдем сақталмайтынын айтып жүргізушілер де жанжал шығарған болатын. Мысалы, жедел жәрдем көліктеріне жанармай ғимарат ішінде құйылып келгенін айтқан. Сол кездегі бас дәрігер Желеуов жұртқа түсіндірудің орнына тілшілерге сес көрсеткен. Сөйтіп, ертесіне зейнеткерлікке шығып кеткен болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!