Оралда екі адамды оттан құтқарған мектеп оқушысы марапатталды
17 жастағы азаматқа «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалі табыс етілді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
06.03.2019
Оқиға 22-ші ақпан күні Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында болған. 11 сынып оқушысы көршісінің үйі жанып жатқанын көреді. Баспанаға жақындай келе жылаған бала дауысын естіп ішіне кірген. Сөйтіп 8 жастағы жеткіншекті алып шығады. Жалын шарпыған үйге қайта ұмтылған ол ес-түссіз жатқан ер адамды құтқарады. Одан кейін төтеншеліктер келгенше көрші-қолаң жабылып, тілсіз жаумен алысқан. Бірақ басын бәйгеге тіккен бозбала бұл ерлігі жайында ешкімге тіс жармаған. Өрт сөндірушілер оны ауылдастарынан естіп, марапатқа ұсыныпты. Екі адамның өмірін сақтап қалған оқушы келешекте құтқарушы болуды армандайды.
Мирас Жүнісов, 11 сынып оқушысы:
- Бұл ісімді өзім мақтан етіп айта алмаймын. Мен адамдарды мақтану үшін не болмаса марапат алу үшін құтқарғаным жоқ. Менің ойым тек адам өмірін құтқару болды. Адам өмірі бәрінен маңызды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!