«Астарлы ақиқат» оралдық тұрғынның арманын орындады
Армандар орындалады! КТК арнасындағы «Астарлы ақиқат» бағдарламасы арқылы көмек сұраған Райымбек Рахимов көптен күткен пәтерге қол жеткізді. Жүрек ауруына шалдыққан 24 жастағы жігіт Орал қаласында 5 мыңыншы болып пәтер кезегінде тұрыпты. Алайда, жомарт жүректі кәсіпкер 1-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жанның арманын бір-ақ сәтте орындап берді.
Автор: Мақсат Мәлік
06.03.2019
Бұған дейін Оралдағы туысқандарын паналап келген Райымбектің жүрегінен 2013 жылы кінәрат анықталады. Екі рет ота жасалып, ақыр соңында жүрегіне электр тоғымен жұмыс істейтін құрылғы қойылған. Ең қиыны, науқасқа үнемі жарығы сөнбейтін қалалық жерде тұру қажет екен. Алайда, қаладан үй алуға шамасы жетпеген жігіт «Астарлы ақиқат» бағдарламасына хабарласқан болатын. Тағдырдың ауыр сынына ұшыраған Райымбектің мұқтажын естіп, жан азабын сезінген кәсіпкер Аманжол Рысмендиев оған пәтердің кілтін табыс етті. Тіпті, кәсіпкердің ізбасарлары үйдің ішін жиһазға толтырып тастаған. Ал, жаңа баспанада қоныс тойын тойлаған жігіт алғыстан басқа айтарым жоқ деп, өз-өзіне сене алар емес.
Райымбек Рахимов, Орал қаласының тұрғыны:
- Таң қалып жатырмыз. Анам, барлығымыз қуаныштымыз. Рахмет, Аманжол аға! Отбасыңызға денсаулық тілеймін, бала-шағаңыз аман болсын. Көп-көп рахмет сізге, алғысымыз шексіз!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!