Жәрдемақы сәуірден бастап беріледі. Ал Назарбаев өзіне хат жазатындардың өтінішін жеткізді
Көпбалалы отбасылардың әр перзентіне жәрдемақы бұған дейін айтылғандай шілде айынан емес, 1-ші сәуірден бастап төленетін болды. Бүгін премьер-министр Асқар Мәмин мен оның әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Гүлшара Әбдіхалықованы Ақордаға шақыртқан президент осындай тапсырма берді.
Автор: Досжан Маратұлы
06.03.2019
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ең бірінші әл-ауқаты өте төмен адамдарға бірінші сәуірден бастап төлей бастайық. Мен басқасының барлығына жылдың ортасынан бастап деп айттым ғой өзімнің сөзінде. Оны солай қалдырамыз. Бірақ, әсіресе, көпбалалыларға мүмкіндігінше қаражатты 1-сәуірден бастап төлей бастайық.
Бұған дейін айтылғандай, табысы төмен отбасылардың ғана әр перзентіне 21 мың теңгеден төленеді. Ал қалған әлеуметтік көмектердің мерзімі өзгеріссіз қалып отыр. Яғни 1-шілдеден бастап мүгедек ұл-қыздарды асырап отырған ата-ана мен күтушілердің ақшасы 30 пайызға өседі. Сондай-ақ, дәрігер, мұғалім секілді бюджеттік қызметкерлер мен аудан, ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметкерлері де жоғары айлықты бірінші шілдеден алмақ. Осы жерде президент Үкіметке бюджетке ақшаның қалай түсіп, оның қалай жұмсалатынын жұртқа түсіндіруді тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елге осының бәрін түсіндірген жөн. Күтіп отырған үміт артып отырған адамдар көп. Кейбір адамдар үкіметтен сұрасақ, бәрін бере береді дейді. Қайдан түседі ақша? Ақша салық төлеп отырған бүкіл қазақстандықтардыкі. Бөліп жатырмыз. Кейбірі маған хат жазып жатыр, біз бюджетке ақша құйып жатырмыз. Ал үкімет бала таптырған адамдарға беріп жатыр, олар өздерінің баласын неге өздері бақпайды деп сұрап жатыр. Осындай әңгіме қазір өте көп шығып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!