Алматыда гүл бағасы екі есе қымбаттап кетті
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Алматыда гүл саудасы қыза түсті. Қазір қаладағы гүл сату орындарында ұзын-сонар кезек. Анасы мен жары, әпке-қарындастарын, қызметтес аруларды құттықтау үшін құшақ-құшақ гүл көтерген ер азаматтардың қарасы қалың. Қаладағы ірі базарлар да гүлдерге оранып қалғандай.
Автор: Бауыржан Жақсымбет
07.03.2019
Осы сәтті ұтымды пайдаланып қалуға тырысқан саудагерлер мейрам жақындағанда әдеттегідей бағаны аспандатып жіберген. Бірақ, жігіттерімізге бұл кедергі емес.
8 наурызды гүлсіз елестету мүмкін емес. Әлемге жылу сыйлаған нәзік жандарды атаулы күнде қуанту- ерлерге үлкен міндет. Сондықтан, бүгін гүл базарда жүрген азаматтардың қарасы қалың. Сұраныс артқан соң, қызғалдақ пен раушанның бағасы шарықтап кетіпті. Бірақ, тұтынушылар гүлдің бағасына емес, сапасына баса назар аударуда.
Рақымжан Орынбасар, Алматы қаласының тұрғыны:
- Жылда сыйлауға тырысамыз. Кейде ыңғайы келмей қалатын кездер де болады. Енді мұндай жағдайларда бағаларға қарамайсың. Әйеліңнің көңілі үшін ештеңені аямайсың.
Сатылымдағы гүлдердің басым бөлігі жергілікті жылыжайларда өсірілген. Сырттан жеткізілетін өсімдіктер арқылы пайда табу тиімсіз дейді сатушылар. Себебі, бағасы онсыз да қымбат болатын импорттық тауарларға көп ақша қоса алмайды екен. Ал, жылда бір келетін мерекеде мол пайдаға кенелу мүмкіндігін құр жіберуге болмас.
Ерік Әбдіхалықов, сатушы:
- Бұл базар болғаннан кейін белгісіз. Мөлшермен 20-30 мың гүл сатып қоямыз жылда. 50 мыңға дейін барады.
Әйелдер күні жақындағанда гүлдің қымбаттауы жылда қайталанады. Мәселен, көктемнің алғашқы мерекесінде құлпырып шыға келетін қызғалдақтың қазір ең арзаны 400 теңгеден басталады. Ал, жыл он екі ай данасы 500 теңгеден сатылатын раушан гүлі 1000 теңгеге көтеріліпті. Тіпті, саудагерлердің сөресінде құны 200 мың теңгеден асатын гүлдер бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!