Астанада тозығы жеткен жатақхананың іргесі сөгіліп, кірпіші опырылып түсті
Соның салдарынан жүздеген адам өз үйлерінен үрейленіп далада сандалып жүр. Ал шенеуніктер қирай бастаған баспананы апатты деп таппаған.
Автор: Әсел Тұмашқызы
11.03.2019
Міне, жасы жарты ғасырдан асқан жатақхананың түрі мынау. Қабырғасы қақырап, төбесі опырылып ортасына түскелі тұр. Бас қаланың қақ ортасында орналасқан 4 қабатты үйде 400-ге жуық адам тұрады. Үй деуге ауыз бармайды әрине. Бірақ, әкімдік «Бұл баспана бүгін-ертең құламайды», - деп апатты нысандардың тізімінен шығарып тастапты.
Тұрғындардың айтуынша, үй 1963 жылы салынған. Ал, құжат бойынша 1972 жыл көрсетіліпті. 50 жылдың ішінде сылақ көрмеген үйдің сыры кетіп, сықпыты қашқан. Шынысы шытынап, едені тесіліп кетседе барар жері, басар тауы қалмаған тұрғындар жылдар бойы осында тұруға мәжбүр.
Нұрғайша Мырзабаева, тұрғын:
- Кімге керекпіз? 15 жыл осында тұрып жатырмыз. Біз Астананың дәл ортасында тұрып жатырмыз. Бізде адам баласымыз. Бізде баламызды жеткізгіміз келеді. Барымызды базарлап Алладан тілеп отырмыз.
Мынау күні кеше іргесі сөгіліп, кірпіші құлаған бөлме. Төбесі тесіліп, іші суға толыпты. Тұруға келмегесін жалдап жүргендер амалсыз бас сауғалап кеткен. Ал, Гауһар Ахметованың барар жері жоқ. Сондықтан мына қуықтай бөлме қыстың суығында 8 адамға қорған.
Гауһар Ахметова, тұрғын:
- Әкімдіктен көмек керек. Балалаларым, немерелерім бар. 8 адам тұрамыз. Мына жерде жату мүмкін емес. Бәрі су, шылқып жатыр. Исі жаман. Тарақандар бар.
Қабырғасы құламағанда бұл жатақхана тағыда тасада қалар ма еді? Өйткені, шенеуніктер жылдар бойы мәселеден хабардар болғанымен, енді мән беріп жатыр. 2 жыл бұрын комиссия баспана жартылай жарамсыз яғни қауіптілік деңгейі 58 пайыз деп бағалаған. Ал, апатты үйлерді сүруге жіберу үшін 61 пайыздан асуы тиіс. Оның үстіне, әкімдіктегілер коммуналдық төлем жүргізбей, баспанасына салақ қараған тұрғындардың өзін кінәлады.
Ерлан Каналимов, Байқоңыр ауданының әкімі:
- 85 пайызы тұрғындардың пәтер жалдап тұрушы азаматтар. Бөлмелердің иелері 10 - 15 пайыз ғана. Бір айта кетерлігі 1995 жылы бүкіл бөлмелелер жекешелендірілген болатын. Сол уақыттан бастап қызмет көрсетуші ұйым құрылмаған бұл жатақхана бойынша. Және пәтер иелері өз бөлмелелерін күту бойынша қаржы жұмсамаған.
Сонымен атқамінерлер техникалық байқаудың қорытындысын күтіп отыр. Ол сәрсенбі күні дайын болады. Егер комиссия апатты деп таныса, сүруге жібереді. Оның өзінде 2022 жылдан кейін ғана. Ал, оған дейін «шықпа жаным шықпа» деп шырылдаған қарашаның күтуден басқа амалы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!