Ақтөбеде тал-теректің түгін қалдырмай отап жатыр
Ақтөбе іргесіндегі сегіз өзеннің жағасы жалаңаш қалмақшы. Арнасын кеңейтіп, табанын тазалауға кіріскен компаниялар тал-теректің түгін қалдырмай отап жатыр. Онсыз да жасыл желегі аз өңірдің тұрғындары бұған қарсы. Олардың базынасын әкімдіктегілер орындауға уәде еткенімен, тендер ұтқан компания жұмысшылары «тал кеспеңдер» деген ешқандай тыйым болмады деп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
11.03.2019
Бұл өзеннің жағалауын алғаш көрген адамның бұрын мұнда шағын тоғай мен аспан тіреген тал-терегі болғанына сенбесі анық. Өйткені құрылысшылар айналасын жым-жылас қылған.
Бұтақ өзенінің жағалауында жұмысшылар экскаватормен жасыл желекті тамырымен қопарып жатыр. Қазір тал-теректің түгі қалмаған. Ал тұрғындар өзен жағасы сәнінен айрылды деп өкінеді.
Бұған дейін ақтөбеліктер жиналып, экологияға қатысы бар аймақтағы құзырлы мекемелердің бәріне арызданыпты. Бірақ ол әрекеттерінен түк шықпаған. Тұрғындар онсыз да жасыл желегі аз, жаз болса лас ауадан тұншығатын өңірде ағаш кесу нағыз қылмыс деп есептейді.
Галина Баранова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Жағалаудағы талдарды жоқ қылуға кімнің қалай дәті барды екен? Алғаш мына опырылып жатқан ағаштарды көргенде жылап жібердім. Бұлар өзенді қалпына келтіріп жатқан жоқ, құр ор қазып жатыр. Жасыл желегінен айрылған өзен бола ма?
Әкімдіктегілер тұрғындар наразылығынан соң жағалаудағы ағашты кесуге тыйым салғандарын айтады. Қазір тек өзен табанындағы томарларды тамырымен жұлып, тазартып жатырмыз дейді олар.
Ыбырайым Көзбаев, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:
- Жағада өскендерге тиіспейміз. Бірақ мына өзеннің арнасының ішіндегіні енді алмасқа амал жоқ. Бірақ алынған әрбір талға мердігерлер тал отырғызып береді.
Тендер ұтқан компания өкілдері әкімдіктегілердің тыйымын тыңдайтын емес. Бұрынғысынша жағалаудағы тал-теректі тамырымен қопарып жатыр.
- Сенің шаруаң қанша кесемін бе, кеспеймін бе?
- Әкімнің өзі тоқтатты ғой?
- Әкім тоқтатса сенің шаруаң қанша?
Екі жыл бұрынғы тасқыннан соң республикалық бюджеттен Ақтөбе іргесіндегі сегіз өзеннің арнасын кеңейтіп, табанын тазартуға 6 жарым миллиард теңге бөлініпті. Енді сол тендерді ұтып алған төрт компания бір жыл ішінде осы жұмысты аяқтап бітуі тиіс. Сонымен қатар жағалаудан жұлған тал-теректің орнына қала ішінде ағаш отырғызуы керек. Бірақ қай жерге екенін әзір ешкім білмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!